Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі қазақстандық банкноттар мен монеталардың үздік бейнесі бойынша байқау жариялады. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз брифингі барысында Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Дина Ғалиева мәлім етті.
– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ұлттық банк қазақстандық банкноттар мен монеталардың үздік бейнесі бойынша 7 және 14 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасында байқау жариялайды. Ондағы мақсат қазақстандық балалар мен жасөспірімдердің қаржылық сауаттылығын арттыру болып табылады. Балалар бұл байқауға қатыса отырып, ақша мен монеталардың тарихы, оларды дайындау жолдары, нумизматика, қазақстандық және әлемдік валюталардың ерекшеліктері жөніндегі білімдерін толықтыра алады, – деді Дина Ғалиева.
Байқау аясында Ұлттық банктің қызметкерлері теңге мен тиынның тарихы, дайындау үдерістері жайында балалар мен жасөспірімдер арасында дәрістер оқитын болады. Байқаудың шарттары мен талаптары жайында қосымша ақпарат Ұлттық банктің интернет-порталында жарияланды.
(Ресми ақпарат).