«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЗДІК БӨЛІМШЕ

Денсаулық сақтауды дамытудың республикалық орталығы жылына екі рет рейтинг бойынша әр өңірдің медициналық әлеуетін бағалап отырады. Солтүстік Қазақстан облыстық ауруханасы офтальмология бөлімшесінің қойылатын талаптар деңгейінен көрініп, бірінші орынға көтерілуі біз үшін зор сүйініш.

Біздің аурухананың қазіргі жағдайы жаман емес, ғимараты жаңа, заманауи медициналық құрылғылармен, аппараттармен жабдықталған. Ал біз сөз етіп отырған офтальмология бөлімшесі үстіміздегі жылы өзінің 55 жылдығын атап өтті.

Бүгінде науқастар стационарда 7 күннен артық ем қабылдамайды. Оған бөлімшенің жұмысын оңтайландыру, жоғары технологиялық ем-дом тәсілін қолдану арқылы қол жеткізілді.

Алда тұрған міндеттерді жүзеге асыруда офтальмология бөлімшесінің ұжымы үлкен рөл атқаруда. Қазақстан Республикасының 2009 жылы үздік дәрігері атанған, жоғары санатты дәрігер Жанна Лахтина жетекшілік ететін бұл бөлімшеде өз ісінің майталмандары, біліктілігі жоғары дәрігерлер жұмыс істейді. Әмина Мәдиева, Наталья Аношина, Ольга Ермоленко, Алексей Корзун шетелдерге барып, кәсіби деңгейлерін жоғарылатып отырады. Олар соңғы жылдары катарактаның микро-хирургиясы, көз жарақаттары, нейроофтальмология, офтальмологиядағы лазермен емдеу бойынша даярлықтан өтті.

Бөлімше 35 кереуетке арналған. Облыс тұрғындарына жоспарлы және мамандандырылған офтальмологиялық шұғыл көмектер көрсетіледі. Облыстық аурухананың офтальмология бөлімшесіндегі барлық күрделі оталар микрохирургиялық әдіспен жасалады.

Бөлім емдеу кезінде хирургияның инновациялық тәсілдерін тәжірибеге енгізген, атап айтсақ, травматологиялық катарактаны хирургиялық тазалау кезінде интраокулярлы линза имплантациясы (алмастыру) қатар жасалады, катарактаның факоэмульсификация мен трабекулоэктомия құрастыру отасын интраокулярлы линза имплантациясымен қатар жүргізу, диабетті ретинопатияны емдеу кезінде цитостатиктер қолдану, ИОЛ-дің транссклералды фиксациясын катаракта асқынғанда, экстракапсулярлы экстракцияда, факофрагментацияда қолданады.

Облыс офтальмологиясында 2006 жылы лазер қызметінің негізі қаланды. Облыстық аурухананың лазер кабинеті инновациялық емдеу тәсілдерін жүзеге асыра алатын заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Жоғарыда көрсетілген патологияларды емдеу шаралары станционарлық, амбулаторлық жағдайда бірдей жүзеге асырылады. Ішкі тор қабағының ауруын тексергенде циклоскопия бойынша зерттеу жүргізіледі. Сондай-ақ, көру органдары жарақаттанғанда, көз аурулары қабынғанда жедел жәрдем көрсетіледі. Стационарды алмастыратын технология белсенді дамуда.

Амбулаторлық хирургия орталығында халязионды сылып тастау, папиллома, птеригиума, базалиом, көздегі түйнек пен қабақтың айналып кету, қабақтағы іріңді ісікті кесу, қабақтың жарылуын жою, жас қапшығын тілу және құрғату, жас жолдарын байқау бойынша жедел көмек көрсетіледі, бұл тәжірибе кеңінен таратылуда.

Ботагөз СҮЛЕЙМЕНОВА,

облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp