«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЗДІК ДӘРІГЕР

Қазақстанның үздік дәрігері, хирург Сергей Череданың есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс. Бүгінде білікті дәрігер облыстық кардиологиялық орталықта қан тамырлары хирургиясы бөлімшесін басқарады. Сондай-ақ, ол әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қарасты қызмет көрсетуші медициналық мекемелердің тізіміне енген “Формула здоровья” атты жеке клиникасында науқастарға заманауи құралдардың көмегімен ота жасауда.

Әкелері Виталий Череданың жұмыс орнында науқастарға түрлі дәрігерлік көмек көрсетіп жатқанын көріп өскен ұлдары Сергей мен Алексейдің де таңдауы осы мамандыққа түсті. Әкенің өнегесін алған қос ұл хирург болуды алдарына мақсат етті. Бүгінде Сергей қан тамырлары, ал інісі Алексей бет-жақ хирургі болып жұмыс істейді.

Сергей Череда еңбек әліппесін облыстық ауруханадан бастады. Дәрігерлік тәжірибесінде қан тамырлары хирургиясына ерекше назар аударған білікті маман облыста кардиология саласын дамытуға барынша үлес қосуда. Қаладағы №1 ауруханада, облыстық кардиологиялық орталықта тәжірибе жинақтады. Осыдан жеті жыл бұрын кандидаттық диссертация қорғап, республикалық байқауда үздік дәрігер атанған оның табанды еңбегін әріптестері ғана емес, өңір тұрғындары да мақтаныш санайды.

– Жыл сайын бөлімшеде 1300 адам ем қабылдайды, 900-ге жуық ота жасалады. Қант диабеті, атеросклероз аурулары жиі орын алады. Біздің бөлімшеде аурулары асқынған науқастар да бар. Өкінішке қарай, емделушілер көмек алуға дер кезінде келмейді. Дерттің алдын алып, қан тамырларының ауруларын ерте анықтау керек. Адамдардың кейбірі жаман әдеттерге әуес, – деген дәрігер алдымен науқастар темекі мен ішімдіктен бас тартуы қажет екенін айтты.

Көмекке жүгінетіндердің жасы әртүрлі. Ер адамдарда артерия, ал әйелдерде көк тамырдың ұлғаюы жиі кездеседі. Маманның айтуынша, әлемдегі әрбір үшінші әйел варикозбен ауырады.

– Варикоз асқынбаса, ешқандай қиындық тумауы мүмкін. Егер дерт асқынып кетсе, тамыр жарылып, қан кетеді. Көп адамдар осы жағдайдан кейін ғана ауруханаға келеді. Сондықтан тамырда түйін пайда болса, бірден маманның көмегіне жүгіну қажет, – дей келе ол “Формула здоровья” клиникасында заманауи лазерлік технологияның көмегімен шағын инвазивті ота жасалатынын жеткізді. Тағы айта кетерлігі, емдеу мекемесінде кейбір ота науқастарға медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тегін жасалады. Өйткені, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен клиника медициналық қызмет көрсету бойынша келісімшартқа отырған. Бұл клиника 2019 жылы да тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында науқастарға көмек көрсетуді жоспарлауда. Ал мамандығының қырсырын меңгерген Сергей Череда сияқты білікті дәрігерлердің арқасында медицина саласы алға басқанына жұртшылық дән риза.

Анна ПЕНЬКОВА,

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының сарапшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp