Қазақстан Конституциясы күні мерекесі қарсаңында Қызылжар ауданында “Жастар-2019″ саяси лагері өз жұмысын бастады. Үш күнге созылатын шара барысында тренинг, шеберлік сағаты, экскурсия ұйымдастырылады.
Әр ауданнан жиналған белсенді жастар санаулы күндер ішінде бір-бірімен тіл табысып қана қоймай, ерекше инновациялық жоба әзірлеуі тиіс. Сонымен қатар көпшіліктің алдында сөйлей білу әдебін де үйренеді. Шалақындық Екатерина Миллер аталған шараға өзінің қабілет-қарымын жетілдіру үшін келіпті. Алдағы уақытта жастар арасында шығармашылық байқау өткізуді жоспарлап жүрген ол ұйымдастырушылық қабілеттің қыр-сырын меңгеруді көздеп отыр.
Әр салада еңбек етіп жүрген елуге жуық жастың басы қосылған шара барысында жаттықтырушылар жастардың ойларында жүрген жоспарларын жүзеге асыруға көмектесуде. “Ментор” жобасының халықаралық жаттықтырушысы Анар Құсанованың айтуынша, жастарды үш топқа бөліп, әр қайсысы әлеуметтік кәсіпкерлікке, қоғамға қатысты жобалар және бизнес жоспар әзірлеуі тиіс. Үздік жобалар ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
– Жастарға жобаны қалай әзірлеу керектігін және оны дұрыс ұсынуды үйретіп жатырмыз. Ал жылдың аяғында әзірленген жобаларды қайсысы жүзеге асырылғанын көретін боламыз, – дейді “”Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының жетекшісі Абылайхан Қайроллаев.