
Облыс орталығындағы олимпиадалық резервтегі “Дельфин” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде суда жүзуден “Көңілді дельфин” республикалық сайысы басталды. Турнирге 2002 жылы туған жасөспірімдерден жасақталған 22 құрама команда, жалпы 250-ден астам жүзгіш қатысуда. Олардың арасында Ресейдің Қорған және Омбы қалаларының спортшылары да бар.
Ел біріншілігінің салтанатты ашылу рәсімінде жас спортшыларды облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан оның орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады.
– Біз Владислав Поляков және Елдар Ғабділмәліков сияқты солтүстікқазақстандық жүзгіштеріміздің бәсі биік жарыстардағы жеңістерімен мақтана аламыз. Бүгінгі күні “Дельфин” спорт мектебінде олардың жолын қуып, жеңістерімен көзге түсіп үлгерген Тимур Хайыров, Еңлік Ұлтарақова және тағы басқа жас спортшылар өсіп келеді, – деген Анархан Қалиқызы жүзгіштерге сәттілік тіледі.
Төрт түрлі жүзу әдісімен үздікті анықтайтын ел біріншілігінің екінші кезеңі шілде айында Қарағандыда жалғасын табады. Ал қараша айында Ақтөбе қаласында өтетін қорытынды кезеңде турнирдің жеңімпаздары анықталатын болады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.