«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЗДІК ИДЕЯЛАР ЖОБАСЫ

“Болашақ” қауымдастығы істерін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған республикалық стартап-жобалар байқауын жариялаған болатын. Бұрнағы күні М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Startup Bolashak: Менің арманым” республикалық байқауы облыстық кезеңінің салтанатты түрде ашылуы өтті.

Бұл байқауды жастар кәсіпкерлігі саласындағы үлкен жаңалық десек, артық айтқандық болмас. Себебі, конкурсқа қатысу үшін еліміз бойынша ең көп өтініш біздің өңіріміздің жастарынан түскен екен. Олардың саны – 400-ден астам. Табысқа ұмтылған белсенді өрендердің қатарында университеттің бакалавриат, магистратура студенттері ғана емес, мектеп оқушылары да бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау ісін жаңа бастағысы келетін 16-дан 35-ке дейінгі жас кәсіпкерлердің өмір сүру сапасының стандарттарын жақсартуға, озық білім мен технологияны еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне енгізуге бағытталған бизнес-бастамаларына қолдау көрсету мақсатын көздейді.

– Жоба бес бөлімнен тұрады. Оның барысында біз еліміздің әр өңірінен қызықты бизнес-идеяларды іріктейміз. Үміткерлер бұл уақытта танымал жаттықтырушылардың тренингтеріне қатысып, Қазақстанның үздік кәсіпкерлерінің қолдауына ие бола алады. Жылдың соңында жобалардың шынайы іске асуы мүмкін екенін көрсетпекпіз. Ширек финалдан бастап жобасын жүзеге асыруға талпынған қатысушыларға қаржылай қолдау көрсете бастаймыз, – дейді “Өрлеу” БАҰО” АҚ-ның бөлім басшысы Бақтыгүл Қасымова.

Жобаға қатысып, бизнес-идеясына қолдау іздеген талантты жастардың бірі – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Юлия Свистунова туризм саласын таңдапты. Өңіріміздің көрікті жерлерін аралау үшін қызықты бағыт ойластырмақ. “Біздің өңірімізде көл мен ормандар көп. Онда зерттеу жұмыстарын жүргізуге болатыны адамдарды қызықтыруы мүмкін. Ол жерлерді туристік орталық ретінде қарастырып, қыс мезгілінде тау шаңғысы курортын жасауға болады”, – деп түсіндірді өзінің идеясын Юлия Свистунова. “Арт-Строй” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ильгам Валишин мұны электронды түрде жасауды ұсынды. “Көрікті жерлерді көрсету аз. Оның үстіне мұны ел аумағында да жүргізген дұрыс. Ал электронды түрде орындарға тапсырыс беруге болады. “Қай жерден бастаған дұрыс?”, “Қай жерде тамақтанған жөн?”, “Соңғы аялдама қай жер?” деген сұрақтарға жауап беретін сызба көрсетілсе, жобаның ісі оңға басады”, – деді ол.

Салтанатты шарада жобаның ұйымдастырушылары мен тәлімгерлер сөз алып, қатысушыларға ақыл-кеңесін айтты, тәжірибесімен бөлісіп, сәттілік тіледі. Байқаудың өңірлік кезеңінде үздік деп танылған бизнес-идеялардың авторлары республикалық деңгейге жолдама алып, облысымыздың намысын қорғайтын болады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp