«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЗДІК МЕКТЕПТЕРДЕ ТЕГІН ОҚИДЫ

Петропавлда дарынды оқушыларды анықтау және қолдау мақсатында облыстық семинар ұйымдастырылды. Іс-шараға «Мың бала» ұлттық зияткерлік жобасының жеңімпаздары, білім беру саласының мамандары мен мектеп директорлары қатысты. Сонымен қатар ұстаздарды қолдау және олардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған жобалар таныстырылды.

Өңірлік семинарды «El Umiti» корпоративтік қоры мен «Қызылжар дарыны» орталығы бірлесіп өткізді. Семинардың негізгі мақсаты – қабілетті оқушыларды анықтап, оларға әрі қарай қолдау көрсету. Қатысушыларға «El Umiti» қорының білім саласындағы жобалары ұсынылып, олардың мүмкіндіктері түсіндірілді. Сондай-ақ «Мың бала» ұлттық зияткерлік байқауының жеңімпаздары өз жетістіктерімен бөлісті.

– «El Umiti» корпоративтік қоры оқушылардың, студенттердің және ұстаздардың зияткерлік және кәсіби дамуын қолдауға бағытталған түрлі жобаларды жүзеге асырады. Мысалы, ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» жобасы алты жылдан бері жалғасып келеді. Бұл жобаға алтыншы сыныпты аяқтаған ауыл балалары қатыса алады. Жеңімпаздар еліміздің үздік мектептерінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, «Qabilet» кәсіптік бағдарлау тұғырнамасы, «El Umiti» сыйлығы және мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламалары жүзеге асырылуда, – деді корпоративтік қордың басқарушы директоры Гүлім Жүсіпова.

Алты жыл ішінде біздің өңірден  186 оқушы «Мың бала» жобасының жеңімпазы атанған. Олардың 46-сы еліміздің алдыңғы қатарлы білім ордаларына қабылданған.

Зияткерлік сайыста жеңімпаз атанған оқушылардың бі-  рі – Мағжан Әлмен. Ол Бескөл ауылында оқып жүріп, төрт жыл бұрын «Мың бала» жобасына қатысып, үздік нәтиже көрсеткен. Қазіргі таңда Білім-Инновация лицейінің 10-сыныбында оқиды.

Семинар барысында жоба жеңімпаздарына «El Umiti» кор-поративтік қоры және «Қызылжар дарыны» орталығы атынан естелік сыйлықтар мен арнайы белгілер табысталды.

Әсел ОРАЗБАЕВА,

облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp