Әр матчтан кейін ойыншылардың статистикалық сараптамасын жүргізіп отыратын “Instat” компаниясы 2018 жылғы маусымда “Астананың” қорғаушысы Марин Аничичті үздік ойыншы деп таныды. Аничич 14 ойынның 12-сіне қатысып, бір гол соққан. Сондай-ақ, “Ренн” командасына қарсы өткен ойында ол әріптестеріне 87 пайыз дәл пас берген. Екінші орын биыл Қазақстан футболының “Жыл жаңалығы” атанған 20 жастағы Бахтиёр Зайнутдиновке бұйырды. Үздік үштікті венгриялық жартылай қорғаушы Ласло Кляйнхайслер түйіндеді.
“Астана” футбол клубы 2018 жылғы еуромаусымды чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінен бастап, үшінші жыл қатарынан Еуропа лигасының топтық кезеңінде сынға түсті. Биылғы маусымда елордалық команда 14 ойын өткізді. Чемпиондар лигасында 6 матч, Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде 2 ойын және топтық кезеңде 6 кездесу өткізді. 6 кездесуде жеңіске жетсе, 3 ойында тең түсті. Ал 5 матчта қарсыластарына есе жіберді.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.