Кеше “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында өңірімізге жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің “Жұмыспен қамту жөніндегі ақпараттық-талдамалық орталық” АҚ-ның президенті Дәулет Арғындықовтың қатысуымен “дөңгелек үстел” өтіп, Ұлт жоспары – “100 нақты қадамда” аталған міндеттерді жүзеге асыру барысы сөз болды. Осы орайда алдағы уақытта бүгінгі талапқа жауап бере алатындай жаңа заңдар қабылданып, кейбір нормаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіндігін жеткізген Дәулет Рашидұлы қазақстандық біртектілік пен бірлікті жүзеге асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарар рөлі зор екендігін атап өтті. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов үздік отыздыққа кіру ұлы мақсат екендігіне, туристік саланы дамытуда өздерінің атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, “Ботай” қонысын тілге тиек етті. Ал Қызылжар ауданының жұмыспен қамту орталығының директоры Раушан Текебаеваның айтуынша, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша үстіміздегі жылы әлеуметтік жұмыс орындарына 22 адамды жолдау жоспарланған. Ол үшін 3 миллион 290 мың теңге бөлінген екен. Ал жастар тәжірибесі бойынша 20 адам тоғыз ұйымға жіберілген көрінеді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.