«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЗДІК СТУДЕНТТЕР

«Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» байқауының республикалық кезеңі өз мәресіне жетті. Үздік студенттердің қатарына жеті жерлесіміз енді. Осыған орай облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова жоба жеңімпаздарымен жүздесті. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде өткен кездесуге білім ордаларының директорлары мен жұмыс берушілер қатысты.

Талантты жастарды қолдауға және жұ­мысшы мамандықтарын дәріптеуге бағыт­тал­ған жоба үш кезең бойынша өтті. Алды­мен колледжішілік, кейін өңірлік деңгейде ұйымдастырылып, республикалық кезеңге 338 жас іріктелінді. Онлайн дауыс берудің нәтижесінде үздік жүздіктің есімдері белгілі болды. Олардың басым бөлігі – «Web-ди­зайнер», «Дәнекерлеуші», «Техник-элек­трон­шы», «Супервайзер», «Құтқарушы», «Электр жаб­дықтарын монтаждаушы» және тағы да бас­қа мамандықтар бойынша білім алып жат­қан­дар. Жобаның тиімділігі сол – жеңім­паздар өз мамандықтары бойынша кәсіп­орын басшыларынан жұмысқа орналасуға шақырту алады.
Былтыр бұл байқаудың республикалық ке­зеңіне өңірімізден 14 студент қатысса, биыл олардың саны 24-ке жетті. Өткен жылы ТОП-100 студенттің қатарына – екі, биыл жеті жер­лесіміз енді. Атап айтқанда, Қайсар Мусин, Аида Романқызы, Сәлима Бекмұрзаева, Дмитрий Заватский, Тимофей Романюк, Вла­димир Цимбал және Алина Малюга үздік жүз­діктің сапынан көріне білді.
– Оқуда озат, қоғамдық өмірде белсенді сту­денттердің арасында студенттік қозға­лыс­тар­дың көшбасшылары да бар. Биыл «Волонтер жылы» аясында олар әртүрлі ак­ция­лардың басы-қасынан табыла білді. Жал­пы, елімізде жастарға арналған әртүрлі бағ­дарламалар жүзеге асырылып жатыр. «Жас маман» бағдарламасы аясында өңіріміздегі 4 колледждің материалдық-техникалық ба­за­сы нығайтылуда. Түлектерді ауылды жер­лерге жұмысқа орналастыруды көздейтін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы да сәт­ті жүзеге асырылуда. Нәтижелі жұмыспен қам­туды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту­дың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жастар өз ісін ашуға мүмкіндік алуда, – деген Гүл­мира Райынбекқызы студенттерді Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, оқуда сәттілік тіледі.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
«Soltústik Qazaqstan».
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp