
Аудандық ішкі істер бөлімінде және облыстық ішкі істер департаментінің аппаратында өткен байқауларда жеңімпаз атанған криминалистер, анықтаушылар мен тергеушілер бірнеше кезеңнен тұратын облыстық байқауға жолдама алған болатын.
Облыстық ішкі істер департаменті анықтау басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Айтжан Биюнованың айтуынша, байқау үш кезеңнен тұрды. Тестілеуден сүрінбей өткен сайыскерлер кәсіби шеберліктерін көрсетіп, табельді қарудан ату, күрделі жағдайларда жедел әрекет ету, жылдам әрі дұрыс шешім қабылдау сияқты әскери және қызметтік даярлықтарын комиссия мүшелерінің назарына ұсынды. Сондай-ақ, үміткерлер департаменттің криминалистік полигонындағы оқиға орнын зерттеп, біліктіліктерін көрсетті.
Байқаудың барлық кезеңдерінің қорытындысы бойынша “Үздік тергеуші” аталымына Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінің аға тергеушісі Мұрат Қамбаров ие болса, Аққайың аудандық ішкі істер бөлімінің аға анықтаушысы Данияр Сұрағанов – “Үздік анықтаушы”, ал Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының аға криминалисі Марат Мусин “Үздік криминалист” атанды.
Екінші және үшінші орын алған сайыскерлер де грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жеңімпаздар ақпан айында өтетін республикалық байқауда өңір намысын қорғамақ.
Ольга ШИЯН,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің инспекторы.