Киелі Тараз қаласында Мәдениет және спорт министрлігінің тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен “Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте” республикалық байқауы өтті.
Өңіріміздің намысын облыстық ішкі істер департаментінің “15-ші өңір” командасы қорғады. Топ құрамына департаменттің айдауыл қызметі взводының айдауылшысы, полиция аға сержанты Рауан Бимақанов, Петропавл қалалық ішкі істер бөлімінің азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау жөніндегі бөлімшесінің инспекторы, полиция лейтенанты Әлішер Жармағамбетов пен мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің жетекші маманы Нұрбай Сәбитов кірді.
Алдымен командалар сәлемдесіп, өздерін таныстырса, “Жер-судың аты – тарихтың хаты” кезеңінде тарихи орындарға байланысты тапсырмаларды орындады. Үшінші кезең командалардың білім деңгейін таразылауға арналды. Қатысушылар қанатты сөздердің жалғасын тауып, тілдерді дамыту саласын реттейтін нормативтік-құқықтық актіге қатысты сұрақтарға жауап берді. Ал “Үй тапсырмасы” аясында “Мәңгілік ел – Мәртебелі тіл” тақырыбында театрландырылған қойылым көрсетті.
Конкурстың қорытындысы бойынша жерлестеріміз үшінші орынға ие болды.
“Қызылжар-Ақпарат”.