«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҮЗДІК ҰЙЫМ” АТАНУ ОҢАЙ ЕМЕС…

Үш жылдан бері мұғалімдердің тамыз конференциясында облыстағы “Орта білім беретін үздік ұйым” конкурсының жеңімпазы жария етіліп жүр. Жеңімпаз атанған мектептерге облыс бюджетінен миллиондаған теңге қаражат бөлінеді. Бұл, әрине, білім ошақтарының мәртебесін асқақтатып, материалдық-техникалық жағдайын көтеру үшін жасалып жатқан жағдай екені сөзсіз. Алайда, бұл конкурс ауыл мектептері үшін қол жетпейтін арманға ұқсайды. Өйткені…

Аталмыш конкурс Үкіметтің бекіткен қаулысымен 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Конкурс тиімді педагогикалық және басқарушылық тәжірибені анықтау, қорыту, тарату, педагогтер мен орта білім беретін ұйымдар басшыларының жеке және кәсіби өсуін ынталандыру мақсатында өткізіледі. Рейтингтік көрсеткіштер негізінде өткізілетін конкурс қорытындысында жеңіп шыққан мекемеге “Орта білім беретін үздік ұйым” гранты беріледі. Оған белгіленген қаражат мөлшері жыл сайынғы жалақының ең төменгі мөлшерінің (21364 теңге) 800 еселенген өлшемі бойынша өзгеріп отырады.  

Өңірімізде үш мәрте өткізілген додаға облыс бойынша 33 орта білім беретін мектеп қатысыпты. Солардың ішінен үш білім мекемесінің асығы алшысынан түсіп, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат (2011-2012 оқу жылы), дарынды балаларға мамандандырылған “БЭСТ” гимназиясы (2012-2013 оқу жылы) және жалпы білім беретін бірінші лицей (2013-2014 оқу жылы) грант иегерлері атанды.

“Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз” деп Абай атамыз айтқандай, грантқа үміткер мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының кез келгені мектептің конкурсқа қатысу өлшемдеріне сәйкестігіне қарай бағын сынауына болады. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожинаның айтуынша, конкурс екі кезеңде өткізіледі. Бірінші аудандық кезең жыл сайын сәуір айында өткізіліп, оның үздік деген қатысушылары облысқа ұсынылады. Іріктеуді облыс (аудан) әкімінің шешімімен құрылған конкурстық комиссия мүшелері арнайы өлшемдер бойынша жүзеге асырады. Комиссияға білім мәселелеріне жетекшілік жасайтын облыс (аудан) әкімінің орынбасары төрағалық етеді. “Өткен жылғы бекітілген комиссия құрамында білім бақылау департаментінің басшысы Ерлан Әбілдинов, білім басқармасының мамандары, облыстық мәслихаттың депутаты Күлбаршын Әбдірахманова, тәжірибелі педагогтер, әдіскерлер мен психологтер, тағы басқалары болды”, – дейді Күлпаш Әміржанқызы.

Еліміздің алдына 2050 жылға дейін ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу міндеті қойылып отырған шақта қазақстандық білім берудің бәсекеге қабілеттілігі мен жоғары рейтингтік көрсеткіштерге қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатындағы сынаққа қатысушылар оннан астам өлшем бойынша іріктеледі. Олар рейтингтік өлшемдер бойынша көрсеткіштерін қағаз жүзінде және электрондық нұсқада әзірлеп, комиссия алдында өз мектептерінің тұсаукесерін жасайды.

Осы өлшемдердің алғашқысына білім ошағының ақпараттық-коммуникативтік технологияларды оқыту үдерісінде тиімді пайдалануы, бала басына шаққандағы компьютер санының сәйкестігі, Интернетке қосылуы, жаңа үлгідегі пәндік кабинеттермен қамтылуы жатады. Екінші өлшем бойынша сапалы білімге қолжетімділік үлесі қарастырылған. Бұл өлшемде орта білім беру мекемесін “Алтын белгіге”, ерекше үлгідегі аттестатқа бітірген түлектердің және балалардың қосымша білім берумен қамтылу үлесі қарастырылады.

Білім беру үдерісінің кадрлық қамтамасыз етілуі келесі рейтинг өлшемі болып табылады. Онда педагогтердің бес жылда бір рет біліктіліктерін арттыруы, ұстаздардың жаратылыстану-математикалық цикл пәндерін ағылшын тілінде жүргізулері, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдану бойынша біліктіліктерін арттырулары және оқу жылында жұмысқа келген жас мамандардың үлесі қамтылады. Сонымен қатар жоғары, бірінші санатты мұғалімдердің түрлі деңгейлердегі конференцияларға, семинарларға, эксперименттерге, зерттеулерге, ғылыми жобаларға қатысқандары және олардың дайындаған әдістемелік, авторлық, ғылыми әзірлемелерінің үлесі де кадрлардың рейтингін айқындайды.

Білім ошағының материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, оқушылардың денсаулығын сақтауға, оқу-тәрбие үдерісіне қатысушылардың еңбегін қорғауға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасауы да орта білім беретін ұйымның мерейін үстем етпек. Бұған білім беру ұйымдарының оқушыларды спорттық секциялармен, аз қамтылған отбасы балаларын дәрумендерге бай, тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуі, білім беру жағдайларының санитарлық нормаларға сәйкестігі, штаттық мектеп инспекторларының, психологтер мен әлеуметтік педагогтердің болуы жатады. Білім орындарында педагогтер мен басшылардың өз-өздерін кәсіби және жеке тұрғыда жетілдіруі үшін ақпараттық-әдістемелік кеңістіктің болуы, педагогтердің ақпараттық-коммуникативтік технологиялармен қамтамасыз етілуі де талапқа сай болуы тиіс.

Инклюзивтік білім беруге жағдай жасау, соңғы үш жыл ішіндегі жоғары рейтингтік көрсеткіштер, білім сапасын басқару мен оны ішкі және сыртқы бағалаудың нәтижесі, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардағы жүлдегер оқушылардың үлесі, халықаралық қауымдастықты жүзеге асыру (халықаралық ұйымдармен келісімдер саны, халықаралық жобаларға қатысушы оқушылар мен педагогтер үлесі) да рейтингтік көрсеткіш өлшеміне енгізілген.

Міне, осы өлшемдерден сүрінбей өткен орта мектептің бағы жанады. Бірақ “Орта білім беретін үздік ұйым” конкурсының жеңімпазы атануға ауыл мектептерінің ешқайсысының көрсеткіштері сай келмейді. Бұл ауыл мектептерінің білімі нашар деген сөз емес. Ауылда да мықты мектептер бар. Мысалы, өткен жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде Иван Шухов атындағы Пресновка орта мектебі – 86,69, Явленка №3 орта мектебі – 86,23, Есіл ауданының Николаевка орта мектебі 84,09 балмен алдыңғы ондықтан көрінді.

Аудандардың қорытындысына назар аударар болсақ, Уәлиханов ауданы – 82,87, Тимирязев ауданы 80,25 ұпай жинаған. Олардың ұпайы Петропавл қаласының (80,94) көрсеткішінен асып түскен.

Өткен оқу жылында облыс бойынша 32 оқушы “Алтын белгісін” дәлелдесе, соның жиырма төрті – ауыл мектептерінің түлектері. Олардың ішінде Тимирязев, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандардың әрқайсысынан – төрт оқушыдан, Уәлиханов, Ақжар және Қызылжар аудандарының әрқайсысынан үш оқушыдан “Алтын белгі” иегерлері шықты. “Үздік аттестатқа” ие болған 33 оқушының 18-і ауыл мектептерінен болса, соның үштен бірі – Уәлиханов ауданының түлектері.

“Орта білім беретін үздік ұйым” конкурсына 2012-2013 оқу жылында қатысқан Уәлиханов ауданындағы №2 Кішкенекөл орта мектебінің директоры Тұрлыбек Оспанов: “Біз аудан көлемінде алдыңғы қатарда болғанымызбен, қаланың білім ошақтарымен, соның ішінде облыстық дарынды балаларға мамандандырылған мекемелермен қай жағынан болса да бәсекеге түсе алмаймыз”, – деген ойын айтты.

Шал ақын ауданындағы Мәркен Ахметбеков атындағы орта мектептің директоры Есен Баржақсиннің айтуынша, олардың материалдық-техникалық базалары, кітап қоры талап деңгейінен шықпаған. Сонымен қатар облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардағы жүлдегер оқушылар мен педагогтер үлесі, тағы басқа да өлшемдер бойынша жеңіс тұғырынан көріне алмаған.

Ақжар аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлжан Исабекова: “Соңғы жылдары ауыл мектептерінің жағдайы түзеліп келеді. Бірақ бұл конкурстың талаптарын біз қанағаттандыра алмаймыз. Бізде қала мектептеріндегідей материалдық-техникалық жабдық жоқ. Ауыл мектептерінің жағдайын көтеру үшін осындай конкурстарды аудандық деңгейде өткізсе, тырысар едік”, – десе, өткен жылғы грантты ұтып алған Петропавл қаласындағы жалпы білім беретін бірінші лицейдің директоры Елена Коноплева өздеріне тиесілі қаржыны алып, мектептің материалдық-техникалық жабдықтарын жаңалап алғандарын қуана жеткізді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp