«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЗЕҢГІЛЕС ҮЗДІКТЕР

Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының сөресі таяғанда алғашқы лекте атқа қонғандардың тынысы тарылып, нағыз шаң жұртпайтын үздіктер үзеңгі қағыстыруда.

Ширек финалда жекпе-жекке шыққандардың ішінен әуелі Италия мен Германияның «шайқасуы» айтуға тұрарлық болды десек, ағат емес. Екеуі де – «Сен тұр, мен атайын!» емес пе?

Алайда бірі қалып, бірі озуы шарт. Сондықтан Иоахим Левтің жігіттері алаңда өздеріне ежелден тән айла-амалдарымен аппениндіктерді тықсыра бастады. Анығын айтқанда, бүкіл кездесу барысында неміс футболшыларының басымдығы көзге ұрып тұрғанымен, италиялықтар қайсарлықпен қорғана білді. Бірақ, екінші таймның 65-ші минутында неміс жартылай қорғаушысы Месут Озил есеп ашты.

Осы басымдық жалғаса бере ме еді, алайда 77-ші минутта неміс қорғаушысы ағаттық жасап, өз айып алаңында допты қолымен қайтарып жіберді де, италиялық Леонардо Бонуччи пенальти соғып, есепті теңестірді.

Бұл нәтиже қосымша уақытта да сол қалпынан өзгермей, неміс футболшылары пенальти соғумен 6:5 есебімен жартылай финалға жолдаманы жеңіп алды.

Ал келесі жұпта француз футболшылары Исландия ойыншыларын 5:2 есебімен ойсырата жеңді.

Жартылай финалда 6-шы шілде күні Лионда Португалия және Уэльс құрамалары кездессе, келесі күні Марсельде Франция және Германия футболшылары ақтық жекпе-жекке жолдама алатын команданы анықтайды.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

«Солтүстік Қазақстан».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp