Бірінші және екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар “Азаматтарға арналған үкімет” көрсететін қызметтерді мемлекеттік корпорацияның фронт-офистеріне бармай-ақ ала алады. “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы жұмысын бастағаннан бері мобильдік топтар 3 670 мүмкіндігі шектеулі жандарға барып, 5761 қызмет көрсетті. Әсіресе, жылжымайтын мүлік пен құжаттандыру бойынша қызметтерге, электрондық анықтамаларға сұраныс көп.
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Нұрбек Оршубековтің айтуынша, мемлекеттік корпорация мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне барып қызмет көрсетуде ХҚКО тәжірибесін жалғастырып отыр. Азаматтар мобильдік топты шақыру үшін бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөміріне телефон шалулары тиіс. Мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері оған 72 сағат ішінде барады.
Жалпы мемлекеттік корпорация мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік қызмет көрсетуге көп көңіл бөлуде. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында арбадағы мүгедектер үшін пандустар, шақыру нүктелері орнатылған. Сонымен қатар, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясында әртүрлі қызметтерде 360 мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді.
Мемлекеттік корпорация өз жұмысын осы жылдың 11 сәуірінде “Жер кадастры ғылыми өндірістік орталығы” РМК, “Жылжымайтын мүлік орталығы” РМК, “Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық” РМҚК және “Халыққа қызмет көрсету орталығы” РМК-нің қайта құрылуы жолымен бастаған болатын. Бүгінгі таңда “Азаматтарға арналған үкімет” арқылы 530 мемлекеттік қызмет көрсетіледі.
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі.