
Қызылжар өңірінің салқын қабақ жазы мен қақаған қысынан басқасының бәрі еліміз тәуелсіздігін алған тұстан бастап өзгере бастады. Бүгінде Петропавл қаласы қазақыланып келеді. 1990 жылы Петропавлда “Қазақ тілі” қоғамының жергілікті белсенділері қаладағы орыс мектептерінің жанынан алғаш рет қазақ сыныптарын ашамыз деп бастама көтеріп, үй жағалап үгіт жүргізгені аңыздай айтылып жүр. Сонда талай қазақтар: “Қазақ тілі кімге керек? Орыс тілін білмейтін адам ертең нан таба алмай, далада қалады. Біз баламызды орыс тілінде оқытамыз”, – деп есіктерін тарс жапқанын қалай ұмытайық. Рәшит Бәдірленов, Мүтәллап Қанғожин, Мәлік Мұқанов, Зейнолла Әкімжанов, Өмір Есқали, Жақсыбай Самрат сынды есімдері республикаға белгілі журналистердің және басқа ұлтжанды азаматтардың жанайқайы әсер еткен 80 шақты ата-ана балаларын қазақ сыныбына беруге уәде етті. Алайда, күзде 20 мыңдай қазағы бар шаһардан ана тілінде білім алуға шын ықылас білдірген 15-ақ отбасы табылып, қаладағы №3 орыс мектебінің жанынан қазақ сыныбы ашылған еді. Мен бұл кезде Петропавлдағы педагогикалық училищеде бастауыш сынып мұғалімі мамандығының соңғы курсында білім алып жүрдім. Біздің топтағы қазақ қыздарын жинаған облыстық халық-ағарту ісі бөлімі басшысының орынбасары Қайролла Мұқанов №3 орыс мектебінің жанынан ашылған қазақ сыныбына мұғалім болып баруға үгіттеді. Қазақ қыздары ауылға кететіндерін айтқасын, қазақ мектебін бітірген маған қолқа салды. Мен бірден келістім. Бірақ мен ауылға кетіп қалып, ата-анамның қасында алаңсыз демалып жатқанымда, басқа мұғалімді жұмысқа алыпты. Қалалық білім бөлімінен құжатымды алуға барғанымда №9 мектептің жанынан ашылатын қазақ сыныбына сабақ беруге ұсыныс түсті. Алайда, бұл сыныпқа да бала жинау керек болды. Белгілі журналист Өмір Есқали екеуміз 19, 20 шағынаудандағы қазақ отбасыларын араладық. Алғашқы он баланы жинау қиын болды. Мені көрген ата-аналар: “Сен қазақ тілін білесің бе? Өзге ұлт өкілі қазақ тілінде қалай сабақ береді?” деп, сенімсіздік танытты. Ақыры №9 мектепте жұмыс істеген Роза Баязитова, Бақыт Жолдығарина қолдау көрсетіп, балаларын қазақ сыныбына берді, таныстарын үгіттеді. Сол жылы 18 баланы жинап, қазақ сыныбын аштық. Алғашқы кезде ата-аналар: “Сабаққа қатыссақ бола ма?” деп өтініш айтатын. Кейін балалардың білгенін, үйренгенін көріп, көздері жетті. Қазір сол балалар еліміздің әр өңірінде түрлі салада еңбек етіп жүр.
Мен – Мамлют ауданындағы Октябрь ауылының тумасымын. Таза қазақ ауылында өскендіктен, мемлекеттік тілді еркін меңгердім. Атам Талип Накиев Башқұртстаннан бала оқыту міндетімен қазақ жеріне келген екен. Бірақ бір жылдан кейін соғыс басталып кетіп, қан майданға аттанады. 1943 жылы ұрыс даласында қаза тауып, әжем үш баламен еңіреп қала береді. Әжем үлкен баласын да жер қойнына тапсырады. Кейін басқа адаммен шаңырақ құрып, қиын жылдардан аман қалған екі баласын өсіріп-өндірді. Нағашы атам Бакир мен әжем Миннур де Башқұртстаннан көшіп келген. Әкем Рашид те, анам Майжамал да қазақ тілін жетік білетін. Қазір анам Жамбыл ауданындағы Баян ауылында тұрады. Ол кісі біздің үйге қонаққа келгенде тек қазақ тілінде сөйлесеміз.
Бүгінде өңірдегі қазақтардың қазақ тілінде білім алуға деген көзқарасы түбегейлі өзгерген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылы Солтүстік Қазақстан облысына таратылған Көкшетау облысының бес ауданы қосылып, өңір тұрғындарының ұлттық құрамындағы қазақтардың үлесі 30 пайыздан асты. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған ана тілімізді ата-аналар арасында кеңінен насихаттаудың арқасында кеңес өкіметі тұсында орыс тілінде оқытуға көшірілген көптеген қазақ ауылдарындағы мектептер қалпына келтірілді. Осындай игілікті істердің нәтижесінде биылғы оқу жылында Петропавл қаласында бір қазақ мектебі пайдалануға беріліп, екіншісі қаракөздерді қабылдауға әзір тұр. Ал 1990-1991 оқу жылында облыстағы қазақ балаларының небары 30 пайызы ғана өз ана тілінде білім алған болатын.
Осылайша, өңірімізде жер иесі – қазақтың қатары қалыңдап, мемлекеттік тілдің өрісі жылдан-жылға кеңейе түсетіндігіне, өз басым, еш күмәнданбаймын. Сұрастырып білсем, осы оқу жылында облыс бойынша ұлты басқа 280 оқушы өз қалауларымен қазақ мектептеріне барып, мемлекеттік тілде білім алып жүр екен. 1990 жылы Петропавлдағы қазақ отбасыларының пәтерлерін аралап, балаларын қазақша оқытуға үгіттеп, қазақ сыныбын әрең аштырған тіл жанашырлары 30 жылдан кейін қазақ тілді білім ордаларына бала сыймай, бірінен соң бірі жаңа мектептер салынады деп әсте ойламаған да шығар.
Гүлжамал НАСЫРОВА,
№9 орта мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі.