Петропавлдағы Оқушылар сарайында азаматтарды бірыңғай қабылдау күні өтті. Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, оның орынбасарлары, шаһар басшысы, жергілікті департаменттер мен басқармалардың жетекшілері қатысып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Өңір басшысының қабылдауына келгендердің бірі – Қызылжар ауданының тұрғыны Татьяна Климашенко. Тұрғынды өзі тұратын ауылдағы бөгет құрылысы алаңдатып отыр. Прибрежное ауылының тұрғындары бөгет құрылысы кешеуілдесе, көктемде үйлер су астында қала ма деп қорқады.
– Мен Дербес көшесінде тұрамын. Қыркүйек айында бізге үйіміз бұзылатыны туралы хабарлама келді. Бағалаушы келіп, баспанаға төмен баға белгіледі. Онымен келіспей аудан әкіміне бардық. Ол үйіміз бұзылмайтынын, жанына бөгет салынатынын жеткізді. Алайда Дербес көшесінің маңына салынады деген бөгеттің құрылысы әлі басталған жоқ, – дейді Татьяна Климашенко.
Ғауез Нұрмұхамбетов жергілікті билік аталған үйлердің тұрғындарын көшірудің орнына, көшені айнала бөгет салу туралы шешім қабылдағандарын айтты. Оған қажетті қаражат облыс бюджетінен бөлінген. Басқа аумақтардағы бөгеттер салынып болған соң Прибрежное ауылындағы жұмыстар басталады. Құрылыс қыста да жүргізіліп, көктемге дейін аяқталады деп жоспарланған. Оған қоса ауылға апаратын жолға көпір салу жұмыстары да жыл аяғына дейін қолға алынбақ.
Облыс орталығындағы Қайсар Таштитов көшесінде тұратын Надежда Алферова өз үйінің апатты жағдайда екеніне алаңдаулы. Үш жыл бұрын оның үйінің қасынан жылу желісін тартып, жолдың бәрін қазып тастаған. Кәріз құбырлары мен суағар тартқанда да тұрғынның үйінің маңын ретке келтірген ешкім болмапты. Соның салдарынан көктем мен жазда жаңбыр жауса, судың бәрі үйге қарай ағады. Жалғыз тұратын әйел баспана қабырғасының сылағы түсіп, тозып бара жатқанына алаңдаулы.
– Инженерлік коммуникациялар тартуда олқылықтар орын алса, оны мердігер реттеуі қажет. Үй сізге тиесілі жер телімінде орналасқандықтан оған иесі жауапты. Алайда бұл кемшілікті түзетуге мүмкіндігіңіз жоқ екенін көріп отырмыз. Жергілікті билік жеке иеліктегі жерде жұмыстар жүргізуге қаржы бөле алмайды. Бірақ сізге көмектесудің жолдарын қарастыру керек. Барлығын тексеріп, мердігерден қате кетсе, қалпына келтіруге міндеттейміз. Көшеге инертті материал төгу қажеттігі туралы да айтылды. Оны да көпке сөзбай орындаймыз, – деді облыс әкімі.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».