«Серпін – 2050» бағдарламасына қатысушы жас түлектің алдағы мақсаты – таңдаған мамандығын кәсіби түрде игеріп, Мағжан елінде еңбек ету. Елбасы «Мәңгілік Ел» жастарына үлкен сенім артады. «Дипломмен – ауылға!», «Ауыл жастары», «Жасыл ел», «Жастар тәжірибесі» секілді бағдарламалар шеңберінде мыңдаған ұл-қыздар білім алып, жұмысқа орналасып, ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің озат студенті Саида Бекбуди де бар. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен 2014 жылдан бері «Мәңгілік Ел» жастары – индустрияға!» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып келе жатқан «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы оңтүстік жастарын солтүстікке көптеп тарта отырып, заманауи білім беру, орналастыру, осылайша кадр тапшылығын жою, ішкі миграцияны, демографиялық ахуалды реттеу сияқты міндеттердің қойылуымен маңызды.
– Саида, сіз «Серпін – 2050» бағдарламасына үкілеп қосылған үміттеріміздің бірісіз. Күнгейден теріскейге ат басын тіреуіңіздің сыры неде?
– Иә, менің туып-өскен жерім – Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданындағы Боралдай елді мекені. Ауылымыз үлкен, шамамен 4 мыңдай тұрғыны бар. Ұйымшыл, еңбекшіл, ондаған ұлт өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті тұрады.
Кішкене кезімнен әжемнің бауырында өскендіктен, тағылымды әңгімелері санама сіңіп, көкейімде жатталып қалыпты. Атамыз Карим Иран шахынан қысым, зәбір көріп, бері қарай қашқан. Шекараны заңсыз кесіп өткені үшін Ресейде үш жылдай абақтыға қамалған. 1949 жылы Қазақстанды паналап, біржола тұрақтап қалған. Осы жерде жетім балалар үйінде тәрбиеленген, ешқандай туған-туысы жоқ әжеміз Эрнаны жолықтырып, екі жарты бір бүтін болуға сөз байласқан. Олардың кіндігінен 3 қыз, 3 ұл өрбіген. Фрида – Германияда тұрады. Даут Ауған соғысынан жараланып келгеннен кейін кеселі асқынып, көз жұмды. Зейнаб Шымкентте. Юсуп та дүниеден өтті. Сария мен әке-шешем Боралдайда. Біз үш ағайындымыз. Саида араб тілінен аударғанда «бақытты» деген мағынаны білдіреді. Шамасы үйдің тұңғышы болғандықтан, жақсы тілекті ырым етсе керек.
Былтыр мектеп бітіріп, Шымкент қаласындағы № 3 колледжге оқуға түсуге келдім. Осындағы қабылдау комиссиясынан «Серпін – 2050» бағдарламасы жайлы ақпарат алған соң, шыны керек, талапты жастарға қолдау көрсету жобасына қатысуға бел будым. Неге бағымды сынап көрмеске, қай қиырға барсам да өзімнің Отаным емес пе деген шешіммен Қызылжарға құстай ұшып жеттім.
– Бізді сіздің қыздар түгіл, ұлдардың тәуекелі жете бермейтін мамандықты таңдауыңыз қызықтырады.
– Оның жайы былай. Нағашы жұртым әулетімен, әжем Алла Лепешкина да, оның әке-шешесі де, анамның ағасы Павел да түгел электрик. Бастапқыда бұған таңданыс білдірсем, бойжеткен соң осы кәсіпке менің де аңсарым ауа бастады. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, мектепте оқып жүргеннен әуес болдым. Содан қалай «бауыр басып» қалғанымды да сезбей қалдым. Алдымнан ақ арман қол бұлғап шақырғанда нағашыларымның жолын жалғастыруды құп көрдім. Оның үстіне «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі аясында өтетін «Болашақтың энергиясы» тақырыбы қызықтырып, өз жобаларымды ұсынғанмын. Бұл да әсер еткен болар.
Қазір мемлекеттік грант бойынша оңтүстіктен келген 17 түлек Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледждің электрмен жабдықтау бөлімінде оқып жүрміз. Осы салада үш жыл бойы білімімізді жетілдіріп, техник-электрик мамандығын алып шығамыз. Бұл – өте қажетті, үлкен сұранысқа ие мамандық. Елбасының: «Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым… осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды», – деген сөздері бәрімізге ой салуы тиіс. Алғашқы өндірістік тәжірибені кәсіпорындарда өткізіп, жақсы қырымыздан танылдық.
– Қазақ тілін, мәдениетін жетік біледі екенсіз.
– Оған таңғалатын ештеңе жоқ. Біріншіден, қазағы қалың ормандай жыртылып айрылатын оңтүстікте жастайымнан қазақ балаларымен құлынтайдай тебісіп өссем, екіншіден иран отбасы болсақ та, әрдайым қазақша сөйлесетінбіз. С. Ерубаев атындағы ұлттық білім шаңырағын тамамдағандықтан, өзімді қазақ тілінің жанашыры, патриоты санаймын. Осында «Тіл – достықтың алтын көпірі» байқауына қатысып, Гран при ұтып алдым. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының Алғыс хатына ие болдым. Біз секілді жастарды облыс басшысы Ерік Сұлтанов қабылдап, құрмет көрсетті. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың облысқа жұмыс сапары кезінде «дөңгелек үстелге» арнайы шақыртылдым.
– Теріскейді жатсынған жоқсыз ба? Салт-дәстүрлерінде өзгешеліктер бар ма?
– Әркімнің туған жері өзіне жұмақ. Қайда жүрсем де жұдырықтай жүрегім атамекен деп соғады. Мен үшін оның әр тасы, әр талы ыстық. Осы жаққа келген соң біразға дейін үйренісе алмай, туған-туыстарымды, құрбы-құрдастарымды қатты сағынғаным рас. Бірге ойнап-күлген ыстық кездер еске түсіп, көз жасымды сығып алған кездерім болды. Жасыл желек жамылған алтын бесігім, ауыл жанынан сылдырай аққан Боралдай өзені, алыстан мұнартқан Тұра тауы түсіме еніп жүрді. Бірақ «адам үйреніскенше, жылқы кісінескенше» демей ме? Директорымыз Жеңіс Әбілмәжін бастаған ұстаздар қауымы бәрімізді құшақ жая қарсы алып, жылы мейірін төкті. Танысу кешінде тарихы тереңнен басталатын материалдық-техникалық базасы мықты ұжымға келгенімізге қуандық. Қаланың көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырылып, не керек, тезірек сіңісіп, орнығып кетуімізге барлық мүмкіндік тудырылды. Оқу және практикалық сабақтар жақсы жабдықталған кабинеттер мен зертханаларда өтеді. Дәрістерді тәжірибелі педагогтер жүргізеді. Осыған қарағанда таңдаған мамандығымыздың шебері болатынымызға сенім мол. Жуырда электрлі жинақтау тәжірибесінен өтіп, сынақты ойдағыдай тапсырдық.
Теріскейдің өмір сүру дәстүрлерінен айтарлықтай айырмашылық байқай қойған жоқпын. Тек бұл жақта орысшаға басымдық беріле ме деп қалдым. Тұрғындар әлі де ресми тілге бейім. Әлдебір шаруамен бір қазақ мектебіне барғанымда оқушылардың бір-бірімен орысша тіл қатысуы өрескел көрінді. Мұның бәрі біз үшін таңсық. Тым қатты сынап кетті деп айып етпеңіз. Көрген-білгенімді айтып жатқаным ғой. Ауа райының суықтығымен, қытымырлығымен қорқытушы еді. Оған бой үйренді. Талай ұлылар мен тұлғалар өсіп-өніп шыққан қасиетті Қызылжар жеріне келгеніме еш өкінбеймін. Ауылдан ұзап көрмеген біздер үшін үйренерлік тағылымдар көп мұнда.
Теріскейге күнгейдің жылы шуағын, қазақы мінезі мен тәрбиесін ала келген жас өрен осылайша ағынан ақтарылады.
Кейбіреулер үшін «Мәңгілік Ел» идеясы, өркениетті 30 елдің қатарына қосылу ой жетпес қиялда, қол жетпес қиянда көрінуі мүмкін. «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мықты “Мәңгілік Ел” болу үшін бізде бәрі бар. Біздің басты тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік» деген Жолдау сөздері бойымызға қуат беріп, құлшыныстарға жігерлендіреді, деді қоштасар сәтте Саида Бекбуди.
Әңгімелескен
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
«Солтүстік Қазақстан».