«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮКІЛЕП ҚОСҚАН ҮМІТТЕРІМІЗ

19 қараша күні Алматы қаласында күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты басталды. Алғаш рет көрермендердің қатысуынсыз өтетін бәсекеге еліміздің барлық аймағынан үздік балуандар қатысуда. Бұл додада біздің де жерлес­теріміз сынға түсуде.

Грек-рим күресі
55 кг. Аталмыш салмақта еліміздің үш дүркін жеңімпазы, петропавлдық Аманғали Бекболатов сынға түседі. Ол бұл салмақ­та­ғы алтыннан басты үміткерлердің бірі – әлем чемпионатының күміс жүлдегері Хор­лан Жақаншаға және Гран-при турнирінің қола жүлдегері Жансерік Сәрсенбиевке бас­ты қарсылас болмақ. «Жоғары спорт ше­берлігі мектебі» КММ-нің түлегі осыған де­йін бірнеше халықаралық жарыстарда топ жарған болатын. Солтүстікқазақстандық ба­луан өткен жылдың соңында Францияда грек-рим күресінен өткен Гран-при дода­сын­да алтыннан алқа тағынды. Сол сында алғашында армян балуаны Рудик Мкрт­чян­нан айласын асырса, кейін отандасы Жансерік Сәрсенбиевпен белдесіп, жауы­рынын жер иіскетті. Ал ақтық сында грузин спортшысы Зураб Мачарашвилиден ба­сым түсіп, жеңіске жеткен болатын.
Аманғали Нұрболатұлының айтуынша, ұзақ үзілістен кейін өтейін деп отырған ел чемпионатына тыңғылықты дайындалған. Бапкері Сергей Ямпольскийдің ақыл-ке­ңесін бұлжытпай орындап, бір айға созыл­ған оқу-жаттығу жиындарында шеберлігін шыңдаған. Әрине, қарсыластары осал емес. Дегенмен, басты мақсаты – бірін­шілік жеңімпазы атану.
67 кг. Бәсекелестік жоғары бұл салмақта солтүстікқазақстандық Данияр Кәленов бел­де­седі. Жерлесіміздің басты қарсылас­та­ры – команда капитаны, әлем чемпио­нат­тарының төрт дүркін жүлдегері Алмат Ке­біспаев, әлем біріншілігінің жүлдегерле­рі Мейіржан Шермаханбетов, Әділхан Са­таев және Нұрбек Қызыров сынды талант­ты балуандар.
Халықаралық деңгейдегі жарыстарда өңір мен ел намысын абыроймен қорғап жүр­­ген Данияр – Ашхабадта өткен V Азия ойындарының жеңімпазы. Бәсі биік додада 66 килограмм салмақта өнер көрсетіп, фи­налда Иран елінің балуанынан басым түс­кен болатын. Бұл жеңісінен кейін облыс әкі­мі Құмар Ақсақалов ұлттық құраманың мү­шесіне бір бөлмелі пәтердің кілтін табыста­ды. Сондай-ақ, жерлес балуан – Белорус­сия­ның астанасы – Минск қаласында өткен ха­лықаралық турнирдің қола жүлдегері. Сол жылы өткен бүкілресейлік турнирде де сәтті өнер көрсетіп, өз салмағында топ жарды.
87 кг. Бұл салмақта тағы бір жерлесіміз Ба­уыржан Мусин бақ сынайды. Қараша­ның 24-25 күндері белдесетін жерле­сі­міздің бі­ріншіліктегі қарсыластары – Аза­мат Құсты­баев пен Эльмар Укали есімді ба­луан­дар. Бауыржан бұл спортшылар­мен боз кілем­де белдесіп көрмесе де, бір­неше оқу-жат­­ты­ғу жиынында бірге болған. Яғни, қар­сыластарының қолданатын әдіс-тәсілдері­нен және жалпы мүмкіндігінен ха­бар­дар. Көпшілік Бауыржан Му­синді аса та­ни қоймауы мүмкін. Грек-рим кү­ресінің жілі­гін шағып, майын ішкен спорт май­талман­дарының жолын қуған жас бү­гін­­ге дейін белдескеннің тізесін бүгіп, жа­уырынын жер иіскетіп келгенін атап өткен жөн.
Ол – құрлық біріншілігінің жүлдегері, ел бі­ріншілігінің чемпионы. Сондай-ақ, спорт­тық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы кубогында сәтті өнер көрсеткен. Әр жылдары Түр­кияда, Белоруссияда және Ресейде өткен халықаралық жарыстардың жеңімпазы әрі жүлдегері болған балуан – Мағжан Жұ­мабаев ауданының тумасы. Петропавл­дағы әл-Фараби мектеп-лицейінде оқып жүргенде жаттықтырушылары Ғалым Өр­ке­шовтің, Дамир Омаровтың, Сергей Ям­польскийдің және Қонысбек Түкеновтің же­текшілігімен грек-рим күресінің қыр-сырын меңгерген.

Еркін күрес

74 кг. Бұл салмақтағы балуандар бә­секесі бұрынғыдан да тартысты өтеді деп күтілуде. Өйткені, бұл салмақта 2019 жыл­ғы әлем чемпионатының күміс жүл­дегері, солтүстікқазақстандық балуан Нұрқожа Қайпанов, екі дүркін Азия чемпионы, Токио ойындарына жолдама жеңіп алған Данияр Қайсанов және 2016 жылғы әлем чем­пионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бек­жанов алтын медальдың тағдырын са­рапқа салады.
Солтүстікқазақстандық еркін күрес ше­берінің есімі Қызылжар өңіріне ғана емес, барша отандастарымызға жақсы таныс. Нұрқожа Қайпанов өткен маусымда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жет­кізді. Жанкүйерлерін жарқын жеңістері­мен қуантып жүрген жерлес спортшы об­лыс тарихында алғаш рет еркін күрестен Азия біріншілігінде алтын медаль иеленсе, елордада өткен әлем біріншілігінде күміс жүл­дегер атанды. Әлемдік додада петро­павлдық өрен 70 килограмм салмақта Ав­стралия, Ұлыбритания және Иран елдері­нің өкілдерін жарыс жолынан шығарып, тек ақтық кезеңде ресейлік балуанға жол берген-ді.
2021 жылы өтетін Токио Олимпиадасын­да өнер көрсетуді алдына мақсат етіп қой­ған жер­лесіміз өткен жылдың қазан айында Қы­тайдың Синьян қаласында әскерилер ара­сындағы әлем біріншілігінде күміс жүлде­гер атанды. Сондай-ақ, «Біріккен күрес әле­мі» («United World Wrestling Asia») халықара­лық ұйымының Азиялық кеңе­сінің атқару комитетінің шешіміне сәйкес «Азияның үз­дік балуаны – 2019» ата­лымында жеңіске жет­кен болатын.

Қанат АТАМАНОВ,
«Soltústik Qazaqstan». 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp