
19 қараша күні Алматы қаласында күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты басталды. Алғаш рет көрермендердің қатысуынсыз өтетін бәсекеге еліміздің барлық аймағынан үздік балуандар қатысуда. Бұл додада біздің де жерлестеріміз сынға түсуде.
Грек-рим күресі
55 кг. Аталмыш салмақта еліміздің үш дүркін жеңімпазы, петропавлдық Аманғали Бекболатов сынға түседі. Ол бұл салмақтағы алтыннан басты үміткерлердің бірі – әлем чемпионатының күміс жүлдегері Хорлан Жақаншаға және Гран-при турнирінің қола жүлдегері Жансерік Сәрсенбиевке басты қарсылас болмақ. «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ-нің түлегі осыған дейін бірнеше халықаралық жарыстарда топ жарған болатын. Солтүстікқазақстандық балуан өткен жылдың соңында Францияда грек-рим күресінен өткен Гран-при додасында алтыннан алқа тағынды. Сол сында алғашында армян балуаны Рудик Мкртчяннан айласын асырса, кейін отандасы Жансерік Сәрсенбиевпен белдесіп, жауырынын жер иіскетті. Ал ақтық сында грузин спортшысы Зураб Мачарашвилиден басым түсіп, жеңіске жеткен болатын.
Аманғали Нұрболатұлының айтуынша, ұзақ үзілістен кейін өтейін деп отырған ел чемпионатына тыңғылықты дайындалған. Бапкері Сергей Ямпольскийдің ақыл-кеңесін бұлжытпай орындап, бір айға созылған оқу-жаттығу жиындарында шеберлігін шыңдаған. Әрине, қарсыластары осал емес. Дегенмен, басты мақсаты – біріншілік жеңімпазы атану.
67 кг. Бәсекелестік жоғары бұл салмақта солтүстікқазақстандық Данияр Кәленов белдеседі. Жерлесіміздің басты қарсыластары – команда капитаны, әлем чемпионаттарының төрт дүркін жүлдегері Алмат Кебіспаев, әлем біріншілігінің жүлдегерлері Мейіржан Шермаханбетов, Әділхан Сатаев және Нұрбек Қызыров сынды талантты балуандар.
Халықаралық деңгейдегі жарыстарда өңір мен ел намысын абыроймен қорғап жүрген Данияр – Ашхабадта өткен V Азия ойындарының жеңімпазы. Бәсі биік додада 66 килограмм салмақта өнер көрсетіп, финалда Иран елінің балуанынан басым түскен болатын. Бұл жеңісінен кейін облыс әкімі Құмар Ақсақалов ұлттық құраманың мүшесіне бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Сондай-ақ, жерлес балуан – Белоруссияның астанасы – Минск қаласында өткен халықаралық турнирдің қола жүлдегері. Сол жылы өткен бүкілресейлік турнирде де сәтті өнер көрсетіп, өз салмағында топ жарды.
87 кг. Бұл салмақта тағы бір жерлесіміз Бауыржан Мусин бақ сынайды. Қарашаның 24-25 күндері белдесетін жерлесіміздің біріншіліктегі қарсыластары – Азамат Құстыбаев пен Эльмар Укали есімді балуандар. Бауыржан бұл спортшылармен боз кілемде белдесіп көрмесе де, бірнеше оқу-жаттығу жиынында бірге болған. Яғни, қарсыластарының қолданатын әдіс-тәсілдерінен және жалпы мүмкіндігінен хабардар. Көпшілік Бауыржан Мусинді аса тани қоймауы мүмкін. Грек-рим күресінің жілігін шағып, майын ішкен спорт майталмандарының жолын қуған жас бүгінге дейін белдескеннің тізесін бүгіп, жауырынын жер иіскетіп келгенін атап өткен жөн.
Ол – құрлық біріншілігінің жүлдегері, ел біріншілігінің чемпионы. Сондай-ақ, спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы кубогында сәтті өнер көрсеткен. Әр жылдары Түркияда, Белоруссияда және Ресейде өткен халықаралық жарыстардың жеңімпазы әрі жүлдегері болған балуан – Мағжан Жұмабаев ауданының тумасы. Петропавлдағы әл-Фараби мектеп-лицейінде оқып жүргенде жаттықтырушылары Ғалым Өркешовтің, Дамир Омаровтың, Сергей Ямпольскийдің және Қонысбек Түкеновтің жетекшілігімен грек-рим күресінің қыр-сырын меңгерген.
Еркін күрес
74 кг. Бұл салмақтағы балуандар бәсекесі бұрынғыдан да тартысты өтеді деп күтілуде. Өйткені, бұл салмақта 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, солтүстікқазақстандық балуан Нұрқожа Қайпанов, екі дүркін Азия чемпионы, Токио ойындарына жолдама жеңіп алған Данияр Қайсанов және 2016 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов алтын медальдың тағдырын сарапқа салады.
Солтүстікқазақстандық еркін күрес шеберінің есімі Қызылжар өңіріне ғана емес, барша отандастарымызға жақсы таныс. Нұрқожа Қайпанов өткен маусымда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Жанкүйерлерін жарқын жеңістерімен қуантып жүрген жерлес спортшы облыс тарихында алғаш рет еркін күрестен Азия біріншілігінде алтын медаль иеленсе, елордада өткен әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанды. Әлемдік додада петропавлдық өрен 70 килограмм салмақта Австралия, Ұлыбритания және Иран елдерінің өкілдерін жарыс жолынан шығарып, тек ақтық кезеңде ресейлік балуанға жол берген-ді.
2021 жылы өтетін Токио Олимпиадасында өнер көрсетуді алдына мақсат етіп қойған жерлесіміз өткен жылдың қазан айында Қытайдың Синьян қаласында әскерилер арасындағы әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ, «Біріккен күрес әлемі» («United World Wrestling Asia») халықаралық ұйымының Азиялық кеңесінің атқару комитетінің шешіміне сәйкес «Азияның үздік балуаны – 2019» аталымында жеңіске жеткен болатын.
Қанат АТАМАНОВ,
«Soltústik Qazaqstan».