Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында қазақтың халық композиторы, суырып салма ақын Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының туғанына 160 жыл толуына орай «Әні мен жыры үндескен» атты әдеби кеш өтті. Шараға М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің және Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің студенттері, мектеп оқушылары қатысты.
Кеште дәстүрлі байқаулардың жеңімпазы Біржан Есжанов сазгердің халық арасында кеңінен танылған туындыларын шырқады. Ол, сондай-ақ, Үкілі Ыбырайдың өмірі мен шығармашылығы туралы тың деректермен бөлісті. Жастар ақынның «Гәкку», «Мақпал», «Шалқыма», «Қалдырған» және «Жиырма бес» әндерінің шығу тарихын біліп, жас ақындардың өлеңдеріне құлақ түрді. «Шараның басты мақсаты – ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді дәріптеу. Бүгінгі жас буын Ыбырайдай өнер саңлақтарын көбірек танып, білуі керек», – дейді жас қаламгерлер клубының мүшесі Аманжол Зағыпар.