Қазақстан Республикасындағы сайлау барысын Тәуелсіз мемлекеттер достастығынан байқаушы миссиясын атқаруға келген өкілдер Петропавлдағы Достық үйінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті.
Мәскеу қаласынан келген байқаушы Анатолий Спицын Солтүстік Қазақстан облысында жиырма жылдай еңбек еткен. Таңғы 6 сағат 30 минутта сайлау учаскесіне келген ол ауа райының күрт бұзылғанына қарамастан, дауыс беруге жиналғандар қарасының қалың болғандығы таңғалдырғанын жасырмады. Байқаушы одан басқа сегіз учаскеде болып, ешқайсысынан заң бұзушылық байқамағанын айтты. “Қазіргі жағдайдағы әлем экономикасында орын алып отырған дағдарысқа қарамастан, Қазақстандағы сайлаудың өтуі – қоғам, мемлекет үшін маңызды оқиға. Ол жаңа мүмкіндіктердің ашылуына, кадрлық әлеуетті жақсартуға, ресурстық базаны жаңғыртуға бастап, ірі реформаларға жол ашады. Бұл Қазақстанның жаңа қырынан көрінуіне мүмкіндік береді”, – деді Анатолий Спицын.
Түмен облысының делегациялары Қазақстан Республикасында өткен сайлауларға 2004 жылдан бері қатысып келеді. “Мен Түмен облысының сайлау комиссиясын 15 жылдан бері басқарып келемін. Бұл жолы біз Петропавл қаласындағы жалпы білім беретін мектептерде өткен сайлау барысын ғана бақылап қоймай, “Зағиптар қоғамында”, тағы басқа да бірқатар ерекшеліктері бар учаскелерге барып, оларға да жан-жақты жағдай жасалғанының куәсі болдық”, – дейді ТМД байқаушылар миссиясының өкілі Игорь Халин.
Сонымен қатар, оның әріптестері Қызылжар, Мамлют аудандарындағы сайлаудың барысын бақылап, барлығы 38 сайлау учаскесінде болған. “Сайлаушылардың куәлігі, комиссия жұмысы мен дауыс берушілерді есептеудің жеңілдетілгендігі, олардың тізімінің сапалы жасалуы жағынан сіздерден үйренуге болатынын мойындауымыз керек”, – дейді түмендік байқаушылар.
Қорған облысынан 12 байқаушы келіпті. Олардың төрағасы Валерий Самокрутов Қызылжар ауданындағы Большая Малышка, Ташкентка, Березовка, тағы басқа ауылдарда болыпты.
Байқаушылар ешқандай заң бұзушылық тіркелмегенін, өздерінің сайлау науқанынан жағымды әсер алғандарын жеткізіп, барлығы бір ауыздан “Қазақстанның тәжірибесі Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің арасында да үлгі боларлық” деген пікір айтты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.