«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЛЕСКЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛАДЫ

Үстіміздегі жылдың 10 қазанынан бастап “Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы” Заң күшіне енді. Онда үлескерлердің қатысуымен салынатын құрылысты бақылауға талап айтарлықтай күшейтілген. Осыған орай, Үкімет тапсырмасымен “Тұрғын үй құрылысының кепілдік қоры” АҚ басшылары өңірлерді аралап, ақпараттық-түсінік жұмыстарын жүргізуде. Акционерлік қоғамның басқарушы директоры Қанат Ибраев солтүстікқазақстандық құрылыс компанияларының өкілдерімен де кездесіп, заңдағы өзгерістерге кеңінен тоқталды.

Қанат Болатбекұлы заңнамада үлескерлердің ақ­ша­сын тар­туға рұқсат алудың үш шарты қарастырылғанын айтты. Біріншісі – кепілдендіру қоры­ның кепілдігін алу, одан кейінгісі – екінші дең­гей­дегі банктің жобасына қаты­су, үшіншісінде – қаңқасы салын­ған­ тұрғын үй ғимаратына үлескер ақшасын тарту. Жаңартылған заңнаманы жүзеге асырған кезде мердігер компаниялар құрылысты аяғына дейін жеткізуге және үлескердің үлес ақшасын алуға кепілдік алса, үлескер қаржы құйған құрылысынан өз пәтерін ала алатындығына сенімді болады. Ал мемлекет үшін тұрғындарды үймен қамтамасыз ету міндетінің орындалуы және құрылыс секторын дамыту мүмкіндігі ұлғаяды. Оңтүсік Корея мемлекетінің тәжірибесіне сүйеніп жасалған заң 3,5 жыл бойы пысықталған.

Кепілдендіру қоры­ның кепілдігін алу үшін құ­ры­­лыс компаниясы қорға өтініш білдіріп, құжаттарын ұсынуға тиіс. Құжаттардың талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Яғни, кез келген компанияға кепілдік берілмейді. Мәселен, өңірлік құрылыс компанияларының бұған дейін тоғыз мың шаршы метр тұр­ғын үй­ді пай­да­ла­нуға берген тәжірибесінің болғаны маңызды. Ал республикалық маңызы бар қалалар мен елордада кемінде 18 мың шаршы метр болуы керек. Құрылыс нарығында үш жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі, соңғы екі жылда аудиторлық қорытындымен расталған шы­ғын­­сыз қызметі есепке алынады. Сондай-ақ, құрылыс компаниясына бір мезгілде бір құрылыс жобасын ғана алып жүру құзыреті беріледі. Компанияның әлеуеті де назарға алынады. Нақтырақ айтар болсақ, оның меншік құқығында тиесілі жер телімі, жобалау-сметалық құжаттамасы, жобалық құнының 10-15 пайызға орындалғаны туралы актілермен расталған құрылысы, кепілдік беру туралы шарт бойынша ке­пілдік жарнаны төлеуге арнал­ған ақшасы және тұрғын үй құры­лысының мердігерлік шарты болуы міндетті. Құрылыс жүргізуші кәсіпорын үлес­кер­лердің ақшасын тек қордың кепілдігін алған келісімшарттан кейін ғана тартуға құ­­қылы. Екінші деңгейдегі банк­тер өз тараптарынан құры­лыстың жүргізілу барысын және үлес­кер­лердің қан­ша қаражаты жұмсал­ғандығын бақылайтын болады.

Талаптар мен шарттар нарықты жауапсыз құрылысшылардан тазартуға мүм­кіндік береді. Бұрынғыдай үлескерлердің қар­жысын бақылаусыз тартып, алаяқтыққа жол беретін немесе шамасына қарамай міндет алатын құрылыс компанияларының жолы кесіледі. Егер құрылысты жүргізуші өз міндеттерін аяғына дейін жеткізе алмаса, қор немесе банктер нысанды алып, өзге құрылыс компаниясына беруге құқылы. Ал тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін құрылыс жүргізуші жауапсыздық танытса, онда үлескерлер тұрғын үй-коммуналдық қызметін құрып, жұмыстың әрі қарай жүргізілуінің жай-жапсарын өздері шеше алады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp