Үстіміздегі жылдың 10 қазанынан бастап “Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы” Заң күшіне енді. Онда үлескерлердің қатысуымен салынатын құрылысты бақылауға талап айтарлықтай күшейтілген. Осыған орай, Үкімет тапсырмасымен “Тұрғын үй құрылысының кепілдік қоры” АҚ басшылары өңірлерді аралап, ақпараттық-түсінік жұмыстарын жүргізуде. Акционерлік қоғамның басқарушы директоры Қанат Ибраев солтүстікқазақстандық құрылыс компанияларының өкілдерімен де кездесіп, заңдағы өзгерістерге кеңінен тоқталды.
Қанат Болатбекұлы заңнамада үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алудың үш шарты қарастырылғанын айтты. Біріншісі – кепілдендіру қорының кепілдігін алу, одан кейінгісі – екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу, үшіншісінде – қаңқасы салынған тұрғын үй ғимаратына үлескер ақшасын тарту. Жаңартылған заңнаманы жүзеге асырған кезде мердігер компаниялар құрылысты аяғына дейін жеткізуге және үлескердің үлес ақшасын алуға кепілдік алса, үлескер қаржы құйған құрылысынан өз пәтерін ала алатындығына сенімді болады. Ал мемлекет үшін тұрғындарды үймен қамтамасыз ету міндетінің орындалуы және құрылыс секторын дамыту мүмкіндігі ұлғаяды. Оңтүсік Корея мемлекетінің тәжірибесіне сүйеніп жасалған заң 3,5 жыл бойы пысықталған.
Кепілдендіру қорының кепілдігін алу үшін құрылыс компаниясы қорға өтініш білдіріп, құжаттарын ұсынуға тиіс. Құжаттардың талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Яғни, кез келген компанияға кепілдік берілмейді. Мәселен, өңірлік құрылыс компанияларының бұған дейін тоғыз мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берген тәжірибесінің болғаны маңызды. Ал республикалық маңызы бар қалалар мен елордада кемінде 18 мың шаршы метр болуы керек. Құрылыс нарығында үш жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі, соңғы екі жылда аудиторлық қорытындымен расталған шығынсыз қызметі есепке алынады. Сондай-ақ, құрылыс компаниясына бір мезгілде бір құрылыс жобасын ғана алып жүру құзыреті беріледі. Компанияның әлеуеті де назарға алынады. Нақтырақ айтар болсақ, оның меншік құқығында тиесілі жер телімі, жобалау-сметалық құжаттамасы, жобалық құнының 10-15 пайызға орындалғаны туралы актілермен расталған құрылысы, кепілдік беру туралы шарт бойынша кепілдік жарнаны төлеуге арналған ақшасы және тұрғын үй құрылысының мердігерлік шарты болуы міндетті. Құрылыс жүргізуші кәсіпорын үлескерлердің ақшасын тек қордың кепілдігін алған келісімшарттан кейін ғана тартуға құқылы. Екінші деңгейдегі банктер өз тараптарынан құрылыстың жүргізілу барысын және үлескерлердің қанша қаражаты жұмсалғандығын бақылайтын болады.
Талаптар мен шарттар нарықты жауапсыз құрылысшылардан тазартуға мүмкіндік береді. Бұрынғыдай үлескерлердің қаржысын бақылаусыз тартып, алаяқтыққа жол беретін немесе шамасына қарамай міндет алатын құрылыс компанияларының жолы кесіледі. Егер құрылысты жүргізуші өз міндеттерін аяғына дейін жеткізе алмаса, қор немесе банктер нысанды алып, өзге құрылыс компаниясына беруге құқылы. Ал тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін құрылыс жүргізуші жауапсыздық танытса, онда үлескерлер тұрғын үй-коммуналдық қызметін құрып, жұмыстың әрі қарай жүргізілуінің жай-жапсарын өздері шеше алады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.