«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ

“Ағадан – ақыл, атадан – нақыл” деген қағиданы ұстанған Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясының ұжымы жас ұрпақ тәрбиесінде ардагерлермен қарым-қатынасқа ерекше мән береді. Мектепте ұйымдастырылатын әртүрлі тақырыптық шараларға, ата-аналар жиналыстарына аға буын өкілдерін шақырып, олармен кездесулер өткізіп тұрамыз. “Әдепсіз өскен адамнан тәртіппен өскен тал артық” дегендей, ардагерлер сыныптарда өтетін тәрбие сағаттарына да жиі қатысып, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді, азаматтық біртұтастықты, рухани-адамгершілік қарым-қатынасты тәрбиелеуге өз үлестерін қосуда.

Сонымен қатар, білім ошағында “Тимуршылар” тобы құрылған. Олар өздеріне бекітілген ардагерлердің үйлеріне барып, көмектесіп тұрады.  

Таяуда “Тимуршылар” тобының құрамындағы 9 “в” сынып оқушылары жетекшілері Алтын Сагдееваның басшылығымен тыл еңбеккері Түменбай Сәрсембаевтың отбасына барып, қолғабыс етті. Ұлдар ардагердің үйінің ауласын жинап, қоқыс қалдықтарын шығарып, дүкеннен отбасына қажетті заттары мен азық-түліктерін жеткізіп берді. Қыздар бөлмелерді жинастырып, ретке келтірді.

– Ел басына күн туған сонау соғыс жылдарында белдері қайысып еңбек еткен, біздердің бақытымыз үшін қандарын төккен ардагерлерімізге қандай көмек көрсетсек те көптік етпейді. Ата-әжелеріміздің ғибратты әңгімелерін тыңдап, олардың өмірлерінен сабақ алу бізге артық емес, – дейді тимуршылар тобының мүшелері.

Еңбек жолының көп жылын бала тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз Түменбай Сәрсембаев оқушылардың көмегіне зор ризашылығын білдірді.

Ақнұр ТАСҚҰЛ,

қазақ мектеп-гимназиясының

қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің

мұғалімі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp