
Алланың берген күш-қуатының арқасында тоқсанның төріне аяқ басып отырмын. Жас ұлғайған сайын өткен күндер жиі еске түседі екен. Жастық шағым туралы ойланғанда кеудемді сағыныш кернейді. Тынымсыз еңбек еттік, қоғамдық өмірге белсене араластық. Қызық та көрдік, ренішті сәттерді де бастан кештік. Құдай қосқан қосағымның келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанғанына да, міне, сегіз жылдың жүзі болды.
Білімді, ақылды, тәрбиелі ұрпағымның барына тәубе деймін. Бүгінде бес ұлымның кішісі – Беріктің қолында тұрамын. Кенже балам мен келінім қамқор болып, барлық жақсылықты жасауда. Жуырда қатты сырқаттанып қалдым. Сондай қиналған кезде келінім Кәмшат жанын қоярға жер таппай мазасыз күй кешті.
Мені асқар тау пана, дария көретін келіндеріме дұрыс тәлім-тәрбие берген ата-аналарына алғысым зор. Қазақы тәрбие көрген осындай ұл-қызымыз көп болса екен деп тілеймін. Кезінде өзіміздің ата-анамыз да біздерге дұрыс жол көрсетіп, үлкенді құрметтеуге, кішіге қамқор болуға тәрбиеледі емес пе? Менің әжем 93 жасында қайтыс болған. Оның “Әйел адам ер кісінің алдын кесіп өтпеуі керек” деген өсиеті есімде қалыпты. Мен де немерелеріме оң жол көрсетіп, ақыл айтудан жалыққан емеспін. Ұрпағыңның жақсы ісін, қамқорлығын көруден асқан бақыт жоқ шығар.
Үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу – бұл имандылық пен адамгершіліктің белгісі. “Адамгершілік – асыл қасиет” деп бекер айтылмаған.
Бүгінде қоғамда болып жатқан кейбір келеңсіздіктер көңілге қаяу түсіреді. Әсіресе, жарық дүние сыйлаған ата-анасын қарттар үйіне өткізіп, қатыгездік танытқан ұл-қыздардың іс-әрекеті жанды жабырқатады. Осының бәрі тәрбиеге байланысты. Отбасында әкенің қамқорлығын, ананың мейірімді алақанын сезініп, ата-әженің ақылын тыңдап өскен адам көп жағдайда қателікке бой алдырмайды. Көңілі баладай жас, кеудесі даладай кең қазыналы қарттардың көңіліне ешқашан қаяу түспесе екен деймін.
Рахмет ЖҰСЫПОВ, еңбек ардагері.
Қызылжар ауданы.