Халықаралық қарттар күні мерекесі аясында облыстық зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық филиалы өз ардагерлерімен кездесу ұйымдастырды.
Мерекелік кездесуге келген ардагерлерді аталмыш филиал директоры Бәтима Смағұлова құттықтап, ақ тілегін жеткізді. Қажырлы еңбектері арқылы өздері таңдап алған саланың дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер үшін мерекелік дастарқан жайылып, сыйлықтар ұсынылды. Сонымен қатар, алда келе жатқан Әлеуметтік қызметкер күніне орай аталмыш филиалдың кәсіподақ комитеті төлемдер орталығы мамандарының балалары арасында шығармашылық сайыс өткізіп, қонақтар оған қазылар алқасы ретінде баға берді. Байқаудың соңында балаларға сыйлықтар табыс етілді. Екі ұрпақ арасында өткен мерекелік кездесу облыстық зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық филиалы мамандарының тамаша концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Белгілі бір себептерге байланысты кездесуге келе алмаған ардагерлерге тиісті материалдық көмек көрсетілді. Жыл сайын жалғасын табатын мұндай игі шараның басты мақсаты – қазыналы қарттарымызды сыйлап, оларды құрмет-қошеметке бөлеу.
Сәулеш ДҮЙСЕНБИНА,
облыстық зейнетақы төлеу
мемлекеттік орталығы
директорының орынбасары.