«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЛКЕН ЖҮРЕКТІ ЖАНДАР

Жетімдерін жылатпаған, тағдыр тауқыметін тартқандарға қайырымдылық таныта білген халықпыз. Дәстүрлі түрде өтетін “Мерейлі отбасы” байқауына қатысушылар арасында жәутеңдеген жандарды бауырына басып, оларға шын мейіріммен қарайтындар қатарының көптігіне шын көңілмен қуанамыз. Ақжарлық Зелғабиден мен Зейнеп Топаевтар бүгінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған өзге ұлттың екі баласын асырап алып, оларды туғандарындай бағып-қағуда.

Ерлі-зайыпты қыздары бойжете бастаған тұстан бастап атұстар ұл сүюді армандапты. Бірақ Алланың қалауымен мұндай бақытқа бөлене алмайтынын түсінген отағасы Зелғабиден Әбілұлы қорғаншылық органдары арқылы бала асырап алуға бел буады. Зайыбы да бұл шешімді бірден құптайды. Жауапты мекемелер өтініш білдірген жұпқа аналары ауыр науқастан қаза тапқан екі баланы ұсынған. Сол сәтті көзіне жас ала еске алған Зейнеп апай балаларын тұңғыш көргендегі әсерімен былай бөлісті: “Бастапқыда қазақ балаларын асырап алуды жоспарлаған едік. Бірақ қорғаншылық органының өкілдері балалар үйінде қарагөздердің жоқтығын айтып, Юрий мен Валерийді ертіп келді. Біз күтіп отырған бөлмеге қол ұстасып кіріп келгенде, көзімнен жас ыршып түсті. Олардың жәудіреген көздерінен анаға деген сағынышты бірден аңғардым. Маған екеуі де тәрбиелі отбасының перзенттеріндей көрінді. Біраз әңгімелескен соң жұбайым екеуміз құжаттарды ресімдеуге келісімімізді бердік”.
Бүгінде ағалы-інілі Юрий мен Валерий шаңырақты бақыт пен шаттыққа бөлеп, ата-аналарына қамқоршы болып отыр. Балалар алғаш келген кезде үй иелері ағайын-туысты жинап, дастарқан жайыпты. Қазақтың ескі әдеті бойынша балалар оң аяғымен табалдырықтан аттап, қолдарына асық жілік ұстапты. Ырымшыл халықпыз ғой. Сол жілік әлі күнге дейін балалар жататын бөлменің төрінде ілулі тұр.
Зейнеп Қажымұратқызы алғашқы күннен бастап перзенттеріне ұлттық тәрбие беруді қолға алған. Ең алдымен, ұлдарды қазақша сөйлеуге, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды сақтауға үйреткен. Ұлдардың үлкенін Иса, кішісін Уәлихан деп атап, ұйықтар алдында қазақ ертегілерін айтып отыруды да ұмыт қалдырмаған. Осындай ыждаһаттылықтың нәтижесінде бүгінде балалар қазақ тіліне әжептәуір машықтанған. Аздап домбыра шертіп, мектепте де жақсы үлгерімдерімен көзге түсіп жүр. Мектептегі барлық шараларға белсене қатысады.
“Үлгілі, берекелі отбасылар қатысатын “Мерейлі отбасы” байқауының лауреаты атану бізге зор жауапкершілік пен міндеттер жүктейді. Бұл әрбір отбасына Елбасының, Мемлекет басшысының сенімі мен қолдауы деп санаймын. Шыны керек, біз арнайы марапат алу үшін қатысқан жоқпыз. Алдымен өз отбасымыздың, әулетіміздің абыройын көтеру мақсатында бақ сынадық”, – дейді Зелғабиден Топаев.
Ырыс-берекесі, ынтымағы жарасқан әулеттерді насихаттайтын “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының маңызы зор. Бұл сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық әдет-ғұрыптардың, салт-дәстүрлердің жаңғыруына, отбасы институтының нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша дем беріп, өнегелі отбасылардың өрісін нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз. 

Кәмел ОМАРҚЫЗЫ.
СУРЕТТЕ: Топаевтар отбасы.
      

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp