«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЛКЕН ЖҮРЕК ИЕСІ

“Шаңырақ” айқармасына Қызылжар ауданында тұратын оқырманымыздан хат келді. Ол жалғыз тұратын зейнеткерлерге, мүгедек жандарға қашанда көмек қолын созуға дайын тұратын әлеуметтік қызметкерге алғысын білдірген екен.

Біз 2015 жылы Бескөл ауылына көшіп келдік. Бұған дейін Есіл ауданында тұрдық. Әлеуметтік қызметкердің көмегін көріп, жақсы адамдардың қамқорлығына бөленіп жүргенімізге біраз жылдың жүзі болды. Менің қолымда қызым бар. Ол – бірінші топтағы мүгедек. Сөйлемейді, бірақ есту қабілеті жақсы. Музыканы ұнатады. Аптасына екі рет Қымбат Баранбаева есімді әлеуметтік қызметкер үйге келеді. Біз оны асыға тосамыз. Қымбаттың мінезі өте жақсы. Ол кішіпейіл, үлкенді құрметтеп, балаларға ерекше қамқорлықпен қарайды. Жұлдыздың ой-өрісін дамытып, оның өміріне сәл болса да сәуле нұрын шашып, бала жүрегін қуанышқа бөлеу үшін қолдан келгеннің барлығын істейді. Мәдениет үйінде ұйымдастырылатын түрлі мерекелерге апарады, бұрын үйден шықпаған қызым концерт көріп, көппен араласып үйренді. Қымбат Жұлдызды дәрігерге де апаруға көмектеседі. Әрдайым қасымызда болмаса да, аптасына екі күн арнайы уақытын бөліп, Жұлдызды музыкаға баулып, барлық жақсылықты жасауға тырысады. Кейбір кездерде мен құжаттармен қажетті жерлерге кеткенде Жұлдыз Қымбатпен қалады. Олар бір-бірін жақсы түсінеді. Түрлі түсті қағаздан әдемі заттар істейді. Денсаулығы сау адамға мұның барлығы оңай дүние болғанымен, мүгедек жанға өз қолымен істеген әр бұйымы, салған суретінің өзі үлкен жетістік. Себебі, мұның барлығы үлкен еңбекпен, шыдамдылықпен келеді. Осының барлығын үйде көмек көрсететін әлеуметтік қызметкерлер жақсы түсінеді. Олардың бойынан темірдей төзім, сабырлықты байқауға болады. Кейбір кездерде титтей нәрсенің өзін істеп үйретуге олар біраз күш жұмсайды. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейді. Баламызға туған бауырындай қарап, өмірімізге етене араласып, жан жылуымен бөлісетін осындай адамдардың жұмысына дән ризамыз.

Клара КЕНЖЕБОЛАТОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp