Ең алдымен не себепті латын қарпіне көшіп жатқанымызды есімізге алайық. “Нағыз тәуелсіздік – тілдің тәуелсіздігі. Бұл – ең бастысы. Әлемнің 70 пайызы осы әліпбимен жұмыс істейді. Бұл ғылым мен технологияның, интернеттің тілі. Екіншіден, бұл қазақ тіліне пайдалы. Кириллицада қазақ тіліне қажетсіз әріптер бар. Үшіншіден, әлемнің дамыған елдерінің қатарына енуіміз керек, олармен тереземіз тең болуы қажет. Соңғысы әліпби қазақ тілін өзге халықтардың меңгеруін жеңілдетеді. Бұл – біздің халыққа тиер пайда. Кириллицаның бұрынғыдай қолданыла беретінін айтқанмын, әрі қарай белгілі болады”, – деп Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшудің артықшылықтарын атап көрсеткен болатын. Мұндай бастаманы күтсек те, оның шындыққа айналатынына күмәнмен қараушы едік. Елбасымыз латын қарпіне көшетіндігіміз туралы Жарлығынан соң, ел тарихының жаңа парағы ашылғандай болды.
Әрине, ғасырға жуық уақыттан соң, бұрынғы латын қарпіне қайтып оралу дегеніміз – үлкен қадам. Біздің ендігі міндетіміз – қолға алған бұл істі тиісінше жүзеге асырып, көздегеніміздей тіліміздің мәртебесін асқақтату.
Қазақ тілінің латын графикасының алғашқы ұсынылған нұсқалары халық арасында көп пікір тудырды. Оны кейбіреулер ыңғайсыз деп тапты. Қаріптерді заман талабына сай, әр мақсат үшін де тиімді болатындай етіп ретке келтіру уақытты қажет еткенін көріп отырмыз. Соңғы нұсқа өзімнің, сондай-ақ, басқалардың көңілінен шығып отыр. Ең бастысы, ол өзге тілді жерлестеріміз бен латын қарпін қолданушы елдер халықтарына да түсінікті болары хақ.
Әсемгүл ЕСҚОЖА,
“Қоғамдық келісім” КММ-нің басшысы.