«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮМІТТІ АҚТАДЫ

Тайландта парапауэрлифтингтен өткен Әлем кубогында қазақстандық спортшылар 5 бірдей жүлделі орынға ие болды. Ел құрамасының қоржынына 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль түсті. Оның екеуі петропавлдық “Үміт” клубының мүшелері – Владимир Низавитин мен Александр Даськовтың үлесінде.

Владимир Низавитин мен Алек­сандр Даськов тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында өнер көрсетті. Айта кету керек, бұл солтүстікқазақстандық параатлеттер қатысқан алғашқы ірі жарыс болатын. Жерлестеріміз намысты қолдан берген жоқ. Атап айтқанда, 65 килограмм салмақ дәрежесінде бә­секеге түскен Владимир 115 килограмм штанганы бағындырды. Ал Александр 72 килограмм сана­тындағылар арасында 140 килограмдық зілтемірді еңсерді. Осылайша, екінші және үшінші орындарға тұрақтады.

Парапауэрлифтингтен облыс командасының аға бапкері Руслан Долобаевтың айтуынша, спортшылардың алдына байрақты бәсекеде жүлдегер атану мақсаты қойылмаса да, азулы қарсыластырының алдын орады.

– Әлемдік деңгейдегі жарыстар­да Қытай, Бразилия, Иран және Ирак елдерінің атлеттері фаворит саналады. Біздің қуанышымызға орай, сарықұрлық үздіктері мен оңтүстікамерикалықтар байрақты бәсекеге келе алмады. Нәтижесінде үздік бестікке кіру мүмкіндігі туды. Тәрбиеленушілерім жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Алдағы ірі дода – Әлем чемпионаты қараша айына жоспарланған. Қазіргі уақытта үлкен сайысқа дайындығымызды бастап кеттік, – деді Руслан Долобаев.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp