Журналист Жадыра Есенгелдінің бүгінгі ауыл тіршілігін қозғайтын мақаласын ықылас қоя оқып шықтым. Тіпті, ондағы бірқатар мәселелерді ауылдастарыма, көршілеріме баяндап та, кейбіреулеріне газеттің сол мақала жарияланған бетінің ксерокөшірмесін жасатып та бердім. Бұлайша ықылас танытып, жарыса оқуымыздың, кейін талқыға салып, пікір айтуымыздың негізгі себебі – баршамыздың кіндік қанымыз тамып, алтын бесігінде тербеткен киелі ауыл тағдыры, оның жеке адамды ғана емес, мемлекетімізді алаңдатып отырған күрделі жағдайы.
Мен Өзбекстан Республикасынан атамекенге, оның ішінде Мамлют ауданы, Краснознаменное ауылына 2005 жылы отбасыммен көшіп келдім. Жолдасым екеуміз үш баламызбен бірге қолдағы бар дүние-мүлкімізді сатып, шыны керек, төсек жабдықтарымызды ғана арқалап, атажұртқа асыға жеттік. Алғашында көз көріп, жер баспаған, оның үстіне қазағы тауыққа шашқан тарыдай әр жерден қылаң беріп, төбе көрсететін, өзге ұлты басым өлкеге бірден сіңісіп кете алмай, “Шықпа, жаным, шықпа” деп, қиындықпен өмір сүрдік. Араға бір-екі жыл салып, ауылдың тыныс-тіршілігіне, табиғат жағдайына етіміз үйреніп, жанымызға жақын іспен айналыса бастадық. Ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі мал және егін шаруашылығы болған соң сауын сиыры барлардан сүт жинап, одан түрлі (құрт, ірімшік, сарымай, т.б.) тағамдар жасап, Петропавл қаласына барып саттық, жәрмеңкелерде де өткіздік.
Бүгінде, Құдайға шүкір, қарнымыз да, көңіліміз де тоқ. Бес балапанымыз бар, көпбалалы отбасылардың біріміз. “Шеттен келдім, менің жағдайымды жасап беріңдер”, – деп басшылыққа қол жаймай, іргелі әрекеттерімен өз кәсіптерін дөңгелетіп, оның рахатын көріп отырған ауыл тұғындарының қатары еліміздің өркендеуіне, тұғырлы Тәуелсіздігіміздің нығаюына көмек деп ойлаймын. Ел болып жабылып емес, жеке тұлға, бір отбасы болып, өзімізге де, қоғамға да пайда келтіре отырып қазығымызды аман сақтауға, түтінін түзу шығаруға болады. Ауыл деп аталатын алып қайықтың ескегі де, желкені де – сол жердің өзіміз секілді тұрғындары. Оның өмір сахнасынан біржола жоғалмасы үшін әр тұрғынның, кезінде сол жерде түлеп, кейін бармақтай бақтың бағыттауымен бүгінде ірі кәсіпкер немесе лауазымды тұлға болып отырған жандар: “Ауыл, ауыл!” – деп құр айқайға баспай, сол құтты мекендерінің қарыштауына қанатымен су сепкен қарлығаштай қол ұшын соза білулері тиіс.
Ауыл тұрғындарының үдере қалаға көшуін тоқтатудың тағы бір жолы – бәсекеге қабілетті педагогтер қатарымен толыққан мектебі мен мәдени орындары деп ойлаймын. Әрбір ата-ана, ең алдымен, баласының болашағына алаңдайды. Солар үшін жанын беруге даяр жанашыр жандар ұрпақтарының бақытты ертеңі үшін жағдайы жасалған қалаға беттейтіні шындық. Әлгіндей орындары салтанатымен сән беріп қана қоймай, балалардың жан-жақты жетілуіне мән берсе, ата-аналардың кейбір күмәндері шешілері сөзсіз. Осындай игілікті ошақтардың санын көбейту бүгінгі, әсіресе, құрдымға кеткелі тұрған ауылға әсте қажет.
Аталмыш жиында сөз болған тұтас ауылдың тауқыметіне айналған бірлі-жарым кемшіліктер біздің елді мекенде де қылаң беруде. Оның бірі – жауыр болған жол мәселесі. Петропавлға жеткізетін тақтайдай тасжолға дейінгі тозығы жеткен алты шақырым титығымызға әбден тигені жасырын емес. Қыстың қақаған аязында, бұрқасын борандарында жол болмай, облыс орталығына, Мамлютка қаласына қатынап, жұмыс істейтін бірқатар ауыл тұрғындарына қиын-ақ. Алайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауында айтылған жол мәселесі біздің ауылда да оңтайлы шешіліп қалар деген үміттеміз.
Оғлай ЖАПАБАЕВА,
Краснознаменное ауылының тұрғыны.
Мамлют ауданы.