“Қазақстан” ұлттық телеарнасынан “Қазақстан дауысы” телевизиялық жобасы екі жыл қатарынан ел арасында танылмай жүрген күміс көмей таланттарды жұртшылыққа таныстыруда. Аталмыш байқаудың осы жылғы 130 үміткерінің арасында жерлесіміз Иса Әлимұсаев та бар. Ол жобаның алғашқы “Көрмей тыңдау” кезеңінде қоңыр даусымен, ән таңдау, оны тыңдаушылардың жүрегіне жеткізу мәдениетімен қазылар алқасында отырған тәлімгерлердің назарына ілігіп, елімізге танымал әнші – “Superstar” халықаралық ән байқауының бас жүлдегері Алмас Кішкенбаевтың тобына қосылды. Талант иесімен кездесіп, әңгімеге тартқан едік.
– Иса, алдымен өзіңіз жайында айтып өтсеңіз?
– Мен Өзбекстан Республикасында өмірге келдім. Осыдан 4 жыл бұрын атажұртқа оралдым. Петропавл қаласындағы өнер колледжінің “Жеке ән салу” мамандығының төртінші курсында оқимын.
– Өнер жолын таңдауыңызға не себеп болды?
– Бала кезімнен ән айтуға әуес болдым. Анамның айтуынша, 2-3 жасымда қолыма түскен заттарды (әсіресе, қасықты) микрофон сияқты ұстап, ыңылдап ән айтып жүреді екенмін. Бойымдағы ерекше қызығушылығымды, қабілетімді байқаған ата-анам мектепаралық байқауларға қатыстырды, түрлі ән үйірмелеріне берді. Қаламыздағы өзім білім алып жүрген колледжге де түсуіме сол кісілер қолдау көрсетті. Шынайы қабілетті, тазалықты талап ететін өнер жолына түсуіме ең алдымен әке-шешем ықпал етті деп мақтанышпен айта аламын. Екіншіден, өзімнің ізденісім мен еңбегім мені үнемі сындарлы сынақтарды жеңіп, биік белестерді бағындыруыма жол салды.
– “Қазақстан дауысы” ән байқауының екі кезеңі бойынша жүйріктердің қатарында болдыңыз. Алған әсеріңіз қандай?
– Аталмыш жобаның алғашқы кезеңінде халық әні “Айқаракөзді” орындап, тәлімгер Алмас Кішкенбаевтың қолдауын иелендім. Сахнада, оның үстіне, тікелей эфир көрсетілімі болған соң сәл қобалжығаным рас. Алайда, арада бірнеше секунд өткен соң өзіме деген сенімім беки түсіп, сәтті орындап шықтым.
– Жоба жеңімпазы бес миллион теңге көлемінде сыйақы алып, бір әніне тегін бейнебаян түсіру мүмкіндігіне ие болады. Үмітіңіз бар ма?
– Әрине, жеңіске жетіп жатсам, ол менің ғана емес, жетекшім әрі ұстазым Роза Кашенованың да, Алмас ағаның да еңбегінің еш кетпегені деп ойлаймын. Сондықтан да қаңтар айында өтетін үшінші кезеңге қызу дайындық үстіндемін.
– Жобаға деген көзқарасыңыз қандай?
– “Қазақстан дауысы” – жас әншілерді, әсіресе, өнерсүйер көпшіліктің көзінен тасада қалып жатқан ауылдардағы, елді мекендердегі шынайы дарындарды шыңдайтын, вокалды-аспапты ансамбльдің сүйемелдеуімен және тікелей эфирде ән айтуды үйрететін тамаша мектеп. Болашақта да жалғасын табады деген сенімдемін.
Сұхбаттасқан
Ботагөз ТАСЕМЕНОВА,
СҚМУ студенті.