Аты айтып тұрғандай, жарық дүние есігін аша сала тағдырдың теперішіне тап болған тастанды сәбилерді қызғыштай қорғау үшін ойлап табылған амал. Бұл, әсіресе, адами құндылықтар аяққа тапталған қазіргі қатігез қоғамға, жүректерін жарып шыққан шақалақтарын қоқыс жәшіктеріне қаймықпай тастап кете баратын тасжүрек аналарға аса қажет-ақ. Қоғам тынысындағы кеселге күйінген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары жақында жұртшылық назарына сәбилерге арналған жәшіктер орнату қажеттігі жайлы ұсыныс тастағаны мәлім. Мәжілісмендердің қоғамның дертімен бетпе-бет келіп, мәселені тереңнен қаузауы жайдан-жай емес. Көкейді тескені тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, құрсағына сыйдырған нәрестесін туғаннан кейін тұншықтыруға бекінген “көкек аналарға” тоқтау бола ма деген нүктесі көп сұрақ қана…
Қателеспесем, осыдан алты-жеті жыл бұрын елімізде тастанды шақалақтарға пана болатын сәбилер жәшігін орнату мәселесі қозғалған болатын. Бұл ұсыныс қоғам тарапынан сынға ұшырап, әйтеуір, қолдау таппады. Жуырда Мәжіліс депутаты Бақыткүл Хаменованың далада қалған нәрестелерге қорған болатын қораптың қажеттігі жайлы айтқан, ащы да болса, шымбайға бататын шындығы жұртшылықты бей-жай қалдырмады. Дүниежүзінің көптеген елдерінде “бэби-бокс” аталып кеткен үміт бесіктерінің басының байлығын баласының санымен өлшейтін қазақ халқы үшін қажеті бар ма? Осы сауал төңірегінде “әлеуметтік желілердегі” ағайындардың қызылкеңірдек болып айтысып, пікірлері қақ жарылып жатуы да бекер емес. Бірі басынан небір зұлмат замандарды, қолдан жасалған ашаршылық пен күштеп ұжымдастыруды өткерген халқымыздың тарихында “тастанды бала”, “көкек ана” деген ұғымдардың болмағанын алға тарса, енді бірі нәрестенің бірінші кезекте жетімдігін, керексіздігін емес, денінің саулығын, басының амандығын маңызды санайды.
Әлемде “бэби-бокс” жәшіктерінің пайда болғанына бірнеше ғасыр өтіпті. Оны сонау 1198 жылы Рим Папасы Иннокентий ІІІ ойлап тапқан деген деректер де бар. Сол замандарда жаңа туған сәбиін асырай алмайтын аналар перзенттерін сарқырап аққан асау өзенге ағызып жіберетін болған екен. Сорақы жағдай Рим Папасының жүрегін қатты ауыртады. Сондықтан да ол шіркеу жанына тастанды сәбилерге арналған арнайы жәшік орнатуға тапсырма берген. Бала жәшікке тасталған кезде арнайы орнатылған қоңырау сыңғырлап қоя береді. Дауысын естіген шіркеу қызметкерлері дереу жетіп, алаңсыз жатқан сәбиді алып кететін болған. Кейін бұл тәжірибені әлемнің көптеген мемлекеттері бала өлімін азайту, демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында пайдаланды. Содан бері “бәби-бокстер” Чехия, Жапония, Канада, Швеция сияқты елдерде де қолданысқа енгізіліпті. Біздің елімізге де келіп жетіп отырғаны таңсық жағдай емес тәрізді.
Атауы құлаққа жайсыз тиетін “бэби-боксті” әлемнің бірқатар елдері “өмір терезесі”, “үміт бесігі”, “жылы ұя” деп те атайды екен. Бір қызығы, оны орнатуда әрбір елдің өзіндік тәжірибесі қалыптасқан. Мәселен, төртбұрыш ұядағы температура 30 градустан төмен болмауы қатаң қадағаланады. “Бэби-бокс” сәбилерге арналған жайлы, жұмсақ төсекпен жабдықталуы тиіс. Шақалақ жәшікке тасталысымен оның есігі 30 секундтан кейін құлыптанып қалады. Бұл – олардың қауіпсіздігі үшін ойлап табылған тәсіл. “Өмір терезесіне” ақ халатты абзал жандардан өзге ешкім бас сұға алмайды. Арнайы орнатылған дабыл соғылған сәтте медицина қызметкерлері тастанды сәбиді алып кетеді. Бейкүнә балалардың одан кейінгі өмірін мемлекет өзі шешеді. Бұл әдістердің бәрі түптеп келгенде – сәбилерді дүниенің қатал заңынан, ересектердің ойланбай жасаған қате қадамдарынан арашалап қалудың амалдары.
Жесірін жылатпай, жетімін қаңғытпаған халқымыздың арғы-бергі тарихында “тастанды” деген ұғым кездеспеген ғой. Алланың қалауымен ата-анасынан көз жазып қалған балаға “жетім қозы тасбауыр, маңырар да отырар” деген мақалдың керін кигізбес үшін махаббаттың шуағын төккен. Жетім баланың удан да ащы көз жасын мейіріммен сүрткен емес пе? Қазіргі таңда жаңа туған сәбиін қоқыс жәшігіне, дәретханаларға тастап, обал мен сауаптың аражігін ажырата алмаған жас аналар пайда болды. Өз баласын өз қатыгездігінің құрбанына айналдырған ондайларды өңірімізден кездестірмейміз десек те, ішімдікке елтіп, отбасының берекесін қашырып жүрген аналар да жоқ емес. Тіпті, бауыр етінің қандай тірлік кешіп жүргеніне мүлдем алаңдамайтын аналар да жетіп артылады. Балаларының алдындағы берешегін өтеуді қарыз емес парыз деп санауға санасы жете бермейтін аналар санының мыңның үстіне шыққанын сот орындаушылары да айтып жүр.
Далада ешкімге керексіз күйде лақтырылып тасталған шақалақтардың ата-аналары көп жағдайда жасөспірімдер болып шығатыны белгілі жайт. Осы орайда облыс прокурорының аға көмекшісі Раушан Қожахметова өңірімізде мұндай жаға ұстатар фактілердің тіркелмегенін айтады.
– Жасөспірімдер жасайтын қылмыстың алдын алу үшін ішкі істер органдарының ювеналдық полиция бөлімі көптеген шараларды жүргізуде. Солардың бірі – кәмелеттік жасқа толмағандарды алдын алу есебіне қою. Бүгінгі таңда мыңға жуық жасөспірім ішкі істер органдарында есепте тұр. Біз бұл жағдайды үнемі назарымызда ұстаймыз. Мектептерде, колледжер мен жоғары оқу орындарында түрлі кездесулер ұйымдастырып, әлеуметтік педагогтермен, психологтермен жұмыс жүргізуге баса мән береміз, – дейді Раушан Жайыққызы.
Тастанды сәбилердің тағдыры денсаулық сақтау саласы мамандарының да жіті бақылауында. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары берген мәліметке сүйенсек, біздің өңірде соңғы бес жылда мұндай оқиға орын алмапты. Кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектердің арасында ойнап жүріп от басып, құрсағына біткен шарананы хирургиялық құралдардың көмегімен құрдымға жіберуге талпынғандар ара-тұра кездесіп қалады. Мәселен, былтыр мұндай оқиғаның өңірімізде жетеуі тіркеліпті.
Саналы ғұмырының отыз бес жылында облыстық перинаталдық орталықта акушер-гинеколог болып қызмет атқарған Жібек Сәдуақасова “бэби-бокс” аталып кеткен сәбилерге арналған жәшіктің атауын “үміт терезесі” деуді жөн санайды. “Өйткені бұл атау біздің түсінігімізге біртабан жақын деп ойлаймын. Алайда, бұл “үміт бесіктерін” орнатуды қолдаймын деген сөз емес. Қолданған күннің өзінде пайдаланушыларға белгілі бір шектеулер қойылғаны абзал. Мәселен, үміт бесігін баласын асырап-бағуға, күтуге мүлдем жағдайы жоқ, әлеуметтік ахуалы көтермейтін адамдар пайдаланса деген тілек бар. Кім көрінген балаларын туып, тастап кете беретін болса жүгенсіз аттай өз бетімен кетіп бара жатқан жастарды уысымыздан шығарып аламыз ғой”, – деген ол бірінші кезекте қыздарымыздың тәрбиесіне баса көңіл бөлу қажеттігін айтып, өз ойын түйіндеді.
“Сәбилерге арналған қорапшаларды орнатқан күні күдігіміз қоюлана түспесіне кім кепіл? Өйткені, шарананы босанып, тастап кетуге болатын орындардың бар екендігіне әбден иек артқан адамдар мұны тығырықтан шығудың жолы деп қана бағалайды. Осылайша, үміт бесіктері күдік бесіктеріне айналары сөзсіз”, – деп, қарсы пікір айтушылар да табылды.
Сәбилерге арналған қорапшалардың қолданысқа енгізілгенін біз де қолдап отырған жоқпыз. Бір сәттік сүйіспеншілік үшін абыройы мен ұрпағының болашағына балта шапқан жетесіз қыз, некесіз ұл мәселесі өз алдына бөлек тақырып. Бірақ сәбилер өлімі мен дені сау шақалақтарды таразының екі басына қойып салыстырғанда, бүйрегіміз дін аман сәбиге қарай бұратыны сөзсіз.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.