
Жамбыл ауданындағы Железное ауылы Ресеймен шекарада орналасқан. Қазір онда 170 отбасы ғана түтін түтетіп отыр. Кезінде ауылдың жартысына жуығы неміс ұлтының өкілдері болғандықтан, олардың көбі ата-жұртқа қоныс аударды. Содан бері де біраз уақыт өтті. Осы көшке ілеспегендер де бар екен. Солардың бірі – жергілікті орта мектептің директоры Наталья Парахина: “Әкем – орыс, шешем – неміс. Анамның Германияға көшіп кеткеніне қыруар жыл болды. Үш қыздың екеуі – қазақ жерінде, біреуі Ресейде қалдық. Қолыма анам жіберген шақырту қағазының тигеніне 10 жыл. Бірақ, менің туған елден кеткім жоқ, басқа елдің тіршілігі маған жан тыныштығын сыйламайтын сияқты. Ендігі арманым – ауыл тіршілігінің бұрынғыдай жақсы арнасына түскенін көру”, – дейді. Өзінің туған ауылын қимай жүрген жалғыз Наталья Васильевна емес. Ауыл тұрғындарының қай-қайсымен де тілдесе қалсаңыз, олар өздерінің кіндік қаны тамған ауылдарынан жыраққа кеткілері келмейтінін айтады. Әттең, құтты мекеннің іргесін сөгіп отырған бүгінгі ауыл тұрмысының қиындықтары болмаса …
Оның шет жағасын өзіміз де көрдік. Облыс пен аудан орталығын жалғайтын тасжолдан Железное ауылына қарай бұрылысымен жол азабының не екенін анық сезіндік. Сөйтіп, ауылға әрең жеттік. Біз жолға шыққанда күн ашық, жер құрғақ болғантын. Ал жауынды күндері, қыстың боранында бұл жолмен жүрудің өзі мүмкін емес шығар?!
Пресновка ауылдық округінің Железное ауылындағы бас маманы Нұртас Зайкин былтыр аудандық бюджеттен бөлінген 19 миллион теңгеге бұрылыстан бергі 15 шақырым жолдың 6 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді деген кезде, сол жолмен жүріп келген біздің таңданысымызды аңғарып: “Иә, ол ақша құмға сіңген судай болды. Төсеген тастарын да, құмдарын да қардың суы шайып кетті”, – деді.
Железныйлықтардың суға да қарық болып отырғаны шамалы. Тұрғындар ауылдың бір шетіндегі жалғыз құдықтан таңғы және кешке белгіленген екі сағат мерзімде қажетті суларын тасып алулары керек. Басқа уақытта құдық қара кілтке жабулы. Ауылдың кезінде үлкен елді мекен болғанын, оның екі басы атшаптырым жер екенін ескерсек, шалғай тұратын отбасыларға су тасып ішу оңай шаруа емес. Олар бау-бақшаны, малды көлден тасып суарады. Ауыл тұрғындары әр үйдің орамына құбыр тартылып, су келіп тұрса деп армандайды. Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайтындай, ондай сыбыс шықпаса, ауыл тұрғындары үміттенбес те еді. Олар өздерінің “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша кезекте тұрғанынан хабардар. Уәде етілген 2017 жылға дейін сабыр сақтап, күтуге дайын.
Железное орта мектебінің директоры Наталья Парахина ауыл тұрғындарының қоныс аудару үдерісі тоқтатылмаса, мұндағы білім беру мекемесінің негізгі мектепке ауысар күнінің алыс емес екенін айтады. Биыл ол мектепке 100 жыл толып отыр. Осы жылдары білім ұясынан мыңдаған шәкірт түлеп ұшқан. Бұрындары мұнда жылына 200-ге тарта бала білім алатын. Қазіргі таңда олардың саны 90-ға жетер-жетпес. Мектеп жанындағы интернатта сегіз оқушы ғана тәрбиеленеді. Өйткені, онда тұратындардың басым бөлігі Богатое мен Лапушки ауылдарының жас тұрғындары болатын. Бүгінде ол ауылдарда саусақпен санарлық қана үй қалып, болашағы жоқ елді мекендердің тізіміне іліккен.
– Біздің көңілімізді жабырқататыны – ауылымыз жүдеп бара жатқандығы. Әйтпесе өмір салтымыз, ұстанымымыз, достығымыз, сыйластығымыз бұрынғылардың салып кеткен жолымен жалғасын табуда. Ауылымызда айтулы мерекелер қалай тойланатынын, баршамыз бір үйдің балаларындай сырттан келген қонақтарды қалай қарсы алатынымызды көзбен көрсеңіз, үлкен әсерде қаласыз, – дейді ауылдың Айман есімді тұрғыны.
Өтпелі кезеңде көптеген ауылдар мәдениет ошақтарынан айрылып қалса, бұл ауыл талай қызық пен қуаныштың ордасы болған клубын сақтап қалған. Нәтижесінде бүгін ауылдың той-томалағы, басқосулары, жаназасы сонда өтеді. Мерекелік шаралар ұйымдастырылғанда ауыл тұрғындары әдемі киімдерін киіп алып, осы жаққа қарай ағылады. Осындай кезде әр этностың өкілі өзінің салт-дәстүрін көрсетіп, ауыл тіршілігі ерекше бір сәнге бөленетінін естідік. Бұл клубқа 2009 жылы “Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша бөлінген 3 миллион теңгеге азын-аулақ жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ғимараттың ішкі безендірілуінде әлі де толықтыратын жақтар жеткілікті екен.
Ауылдықтар екі бақтың аумағын да шамалары келгенше таза ұстауға тырысып, оған орындықтар мен балалар алаңын орнатып қойған. Ауылдың сауда орталығының жанындағы “күн көсем” – В. Ленин ескерткіші де бір кәдеге жарап тұр. Өйткені, ауыл аумағы спутник толқынын қабылдай қоймайды. Тек екі жерде ғана телефон байланысы бар. Соның бірі – ескерткіш маңы болса, екіншісі – дүкен табалдырығы. Телекоммуникацияның ауылдағы осалдығын сөз еткен Нұртас Елтайұлы жақында “Теле-2” операторы өз байланысын орнатып, жұртты ұялы телефонмен сөйлесуге қолжетімді ететінін жеткізді.
Тұрғындар азын-аулақ малдың ет-сүт өнімдерін сатумен азық-түліктерін және киім-кешектерін шығарады. Мал басын одан да көбейтуге жүрексінеді. Оның себебін етке бағаның төмендігімен, малдың жемшөбін дайындаудың қиындығымен түсіндіреді.
Жол-жөнекей бір ауыл тұрғынын тоқтатып, оған: “Ауыл тұрмысын қайтсе жақсартуға болады?” – деген сауал қойдым. Сонда ол:
– Тұрғындардың көшуін тоқтату керек. Ол үшін бірінші кезекте тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету қажет. Ал оны жүзеге асыру үшін қотанымыздағы бар шаруашылықтарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілсе. Адамдар тұрақты еңбек етіп, жұмысбасты болса, елден кетпесі анық. Ауыл шаруашылығына баса назар аударылса, ауыл тұрмысы қалыпқа түседі деп ойлаймын, – деді …
Мұндағы ірі шаруашылық “Железное” ЖШС-і 2004 жылы ашылған. Аталмыш шаруашылық қалыптасу жолында десек те, оның ауыл тіршілігіне қолғабыс етіп отырған істері баршылық. Біріншіден, онда 49 адам тұрғылықты жұмыспен қамтылып отыр. Шаруашылықтың 7700 гектар егіс алқабында 50 отбасының пай жері тіркеліпті. Жаз басталысымен шаруашылық еңбеккерлердің, ауыл тұрғындарының шөп жинау науқанына көмектеседі. Серіктестік ауылдың әлеуметтік шараларына да атсалысып, су тасу, қар тоқтату мен жол тазалау жұмыстарын өз міндеттеріне алған.
– Біз сияқты кәсіпорындарға Үкіметтің көмегі керек. Биыл майлы дақылдарға демеуқаржы берілді. Бүгінде біз жаңаша жұмыс істеу үшін украиндық инвесторлармен келісімшарт жасадық. “ҚазАгро” арқылы техникалар алдық. Бұрын мал ұстап көрген едік, пайдасы шамалы болған соң, қазір тек егіншілікпен ғана айналысып отырмыз. Бүгінде астық өткізу мәселесі біршама оңтайландырылған, ал мал және олардың етін сатып алушылар маңдай терді бағаламайды. Бұл шаруашылық болмаса, ауыл баяғыда-ақ босап қалар еді. Бұған да тәубе, – дейді шаруашылықтың бригадирі Бейбіт Ғабдуов.
Міне, Железное ауылының жағдайы осындай. Бірақ ауыл тұрғындары қиындықтардың алдында жасып отырған жоқ. Олар ертеңгі күнге зор үмітпен қарайды. Жағдайдың түзелетініне сенімді…
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.