Қазіргі қысылтаяң шақтың кімге болмасын оңай тиіп жатпағаны анық. Ауру алқымыңнан қысқанда, жаның көзіңе көрініп, бойыңнан қуат кете бастағандай күй кешесің. Осындай кезде кімге, неге сенеріңді білмей қиналады екенсің. Мен де көпшіліктің үрейін тудырған “COVID-19” ауруына шалдығып, дәрігерлердің уақтылы көмегінің арқасында аман қалдым. Қауіпті індетті жеңіп шығуда отбасымның да көмегі зор болды.
Сырқаттанар алдында Ақмола облысында қызмет бабымен іссапарда жүрген едім. Жұмыс үстінде өзімді әлсіз сезініп, дірілдеп, тоңа бастадым. Бірден медициналық пунктке бардым. Дене қызуым 37,8-ді көрсетті. Салқын ұстағандай болып, дәрі ішіп, өзімді нашар сезінген соң жұмысқа жарамсыздық парағын ашып, үйге сұранып, Қызылжарға келдім. Зайыбымның ыстық сорпасы мен дәмді тағамдарын ішіп, жағдайым сәл жақсарғанымен, дене қызуым түспей қойды. Бала-шағама жұқтырмайын деп, бірден ауруханаға жаттым. Жөтелім күшейіп, ауа жетпей, одан сайын ентіге бастадым. Екі күннің ішінде құр сүлдерім қалды десем болады. Дәрігерлер маған пневмония диагнозын қойып, ем бере бастады.
Шынымды айтсам, ауруханаға кетіп бара жатып-ақ өзімнің халімнің нашарлайтынын сезгендей болдым. Енді отбасыма қайта ораламын ба деген ойға жиі беріліп, өзімді аман-сау шықпай қалатындай сезіндім. Бұл дерт туралы небір қорқынышты ақпараттарды естіп алған маған ауруға төтеп беру оңай болмайтындай көрінді. Тіпті үмітім үзілгендей күй кештім. Бірақ №1 қалалық аурухананың тәжірибелі дәрігерлері мен медбикелері мені мұндай ойдан бірден арылтты. Ақ халатты абзал жандар жағдайыма қарай дәрі-дәрмектер тізімін бекітіп, емдей бастады. Сөйтіп, үзілуге шақ қалған үмітімді қайта жалғады. Дәрігерлердің күнделікті қадағалап, жаныма демеу болуының, жігерлендіретін сөздерінің арқасында мен жаман аурудан толығымен жазылып шықтым. Отбасым да үнемі мені қолдап: “Мұны бар болғаны тұмау деп ойла. Өзіңе сен, жазылып шығасың”, – деп, өз-өзіме деген сенімімді арттырды. Дәрігерлердің зор еңбегінің нәтижесінде мен үш аптадан соң жазылып шықтым. Қысылтаяң шақта зыр жүгіріп, күні-түні дамыл таппай жүрген ақ халаттыларға газет арқылы зор алғысымды білдіргім келеді.
Әлеуметтік желілерде дәрігерлердің жұмысына қатысты түрлі пікір айтылуда. Тіпті палатада жатып-ақ кейбір азаматтардың медицина қызметкерлеріне сенімсіздік танытып, ерсі қылық жасағандарын көрдім. Дәрігерлерге оңай емес. Тәулігіне 3-4 сағат қана ұйықтайды. Медициналық киім-кешегін, бетпердесін аптап ыстықта да шешпей, жұмыс істейді. Сондықтан біз оларға түсіністікпен қарап, алып-қашпа сөздерге ермегеніміз дұрыс.
Тимур БАЙЛИН,
Петропавл қаласының тұрғыны.