



“Қарашаның суығы-ай, өкпе тескен” деп ақын жырлағандай, терістіктен ызғырық жел соғатын қоңыр күз де келіп жетті. Нақ осы кезде біздің де көңілімізге үміт пен күдік қатар қонып, мазасыз күй кешетінімізді несіне жасырайық. Былайғы жұрт балапанын күзде санаса, біз “қараша, желтоқсан мен сол бір екі айда” оқырманымыздан көз жазып қалмасақ екен деп жанталасамыз. Оның үстіне газетіміздің ғасырлық тойы да жақындап қалды. Тарту-таралғымыз қандай болмақ? Өзімізді толғандыратын осы және басқа да сауалдардың жауабын оқырмандар ортасынан іздейтініміз анық.
Мамлютка қаласындағы №1 мектеп-гимназияда бізді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Кәрімова қарсы алды. Қызылжар өңірінің өмірінен баспасөз арқылы хабардар болып отыратын аудан орталығының тұрғындары – ардагерлер, бәсекеге қабілетті, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбектеніп жүрген аяулы ұстаздар, еліміз зор сенім артып, болашағынан үлкен үміт күтіп отырған жастар “Soltústik Qazaqstan” газетінің ұжымы оқырмандарымен кездесу ұйымдастырады”, – дегенді естіп, осында жиналыпты.
“Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры Жарасбай Сүлейменов қазақтың асыл перзенттері іргесін қалаған басылымның тарихы жайлы сөз сабақтады. Алғаш жарық көргенінен бастап газеттің атауы бірнеше рет өзгергенімен, қаламгерлердің сан алуан буыны алға қойған мақсат-мұратынан айныған емес. Байырғы басылымның бодандықтың қамытынан құтылып, егемендікке қол жеткізген кезеңде елдің шын мәніндегі шежіресіне, ұйымдастырушы күшіне, тәлімді тәрбиешісіне айналғаны сөзсіз. Бүгінгі таңда да басылым беттеріндегі тың тақырып, ұшқыр ой, танымдық және сараптамалық зерттеу мақалалары талғамы биік оқырманның жүрегіне жол табуда.
Десек те, газеттің таралымына кері әсер етіп отырған жайттар да жоқ емес. Солардың ең бастысы – самарқаулық. Жастар түгіл, аға буынның өзі газет, кітап оқудан қалып барады. Осы жайттарға назар аударған газетіміздің тұрақты оқырмандарының бірі, ардагер Жұмабай Данияров оқымаған адамның ой-өрісі кеңеймейтінін айтты.
– Осы өңірдің тумалары Болат Сағындықов, Қымбат Исманова сияқты белгілі азаматтардың жанайқайын естіп жүрміз. Жерлес қаламгерлер мен авторлардың естелік мақалаларын оқығанда көзімізге жас келіп, жүрегіміз елжірейді. Төл газетіміздің торқалы тойына тартуымыз болсын – алдағы жылы “Soltústik Qazaqstan”-ға жаппай жазылайық, – деді ол.
Ардагерді аудандық Мәдениет үйінің қызметкері Ерғали Зиябек те қолдады. Биылғы “Жастар жылында”, әсіресе, биік белестерді бағындырып, түрлі додаларда өңіріміздің намысын абыроймен қорғап жүрген жалынды жастар жайлы мақалалар жиі жарияланатынын тілге тиек етті.
Шынымен де, “Soltústik Qazaqstan” газетінің ұжымы бүгінгідей ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда еліміздің асыл құндылықтарынан ажырап қалмасақ екен деп шырылдап жүр емес пе?! Өйткені, газет – қай кезеңде де халықтың шын жанашыры. Журналистердің зіл батпан еңбегі оқырмандар тарапынан бағаланып жатса, ол біз үшін үлкен абырой.
Таң нұрымен даланың
жайнағанын сағындым.
Әнші құстар таң әнін
сайрағанын сағындым.
Жазғы кеште тербеткен
самалыңды сағындым.
Кеше ғана сенде өткен бала
күнді сағындым,– деп Фариза Оңғарсынова жырлағандай, ауыл жайлы әңгіме болғанда алаңсыз балалық шағымыздың куәсі болған алтын ұяның сұлу келбеті көзімізге елестейді. Тәрбие тал бесіктен бастау алады десек, сәмбі талдың иіліп тал бесікке айналар орны ауыл екені бесенеден белгілі. Ізеттілік, қайырымдылық, мейірімділік, қонақжайлылық, имандылық секілді халықтың ерте заманнан қалыптасқан игі дәстүрлері, барлық үлгі-өнегенің көрінісі ауылдан басталады. Демек, адами құндылықтардың негізі ауылдық тәрбиеде десек, қателеспейміз. Сүттей ұйып отырған Бексейіт ауылының тұрғындарымен кездесуге асығуымыздың себебі осы болса керек.
Қазақылықтың иісі аңқыған Бексейітте бүгінде жүзге жуық шаңырақ түтін түтетіп отыр. Кездесу барысында емен-жарқын әңгімелесіп, ескі таныстардай өткен-кеткенді ой елегінен өткіздік. Басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігі, күнделікті жұмысы жайлы әңгімелеген Жарасбай Қабдоллаұлы Есіл ауданындағы Бұлақ ауылы бастап, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ноғайбай, Аққайың ауданындағы Дайындық, Шал ақын ауданындағы Кеңес ауылдарының тұрғындары қолдаған “Әр шаңыраққа – “Soltústik Qazaqstan!” үндеуіне үн қосушылар қатарының қалыңдап келе жатқанына ризашылық білдірді. Бұл игі үрдістен бексейіттіктер де хабардар екен. Олар қашанда халықтың өтініш-тілектерін ескеріп, түрлі мәселелердің түйінін тарқатуға ықпал етіп жүрген басылым жайлы жылы лебіздерін білдіріп, үндеуді бірауыздан қолдап, мұндағы әр отбасы газетке жазылатынын жеткізді.
Меңгесер орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бибігүл Қайыржанова ұлттың мүддесі сыналған кезде қазақ баспасөзінің қашанда аянбай күрес жүргізгені жөнінде баяндады. “Экономикадағы оң өзгерістер, рухани құндылықтар сияқты алтын арқаулы мәселелердің бірде-бірі осы басылым назарынан тыс қалған емес. “Soltústik Qazaqstan” газеті – өткен ғасырдағы қазақ тарихын, тұрмысын, мәдениетін баян ететін рухани жәдігер. “Қарашаңырақ” атанған басылым ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан өркениеті мен мәдениетін танытуға қызмет етті”, – деген ол мектепте еңбектенетін мамандар, әсіресе, жастар басылымды қолдап, газетке жазылатындарын айтып сендірді. Шаруашылықтың қарамағында Бексейіт және Меңгесер ауылдары бар екенін айтқан “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің атқарушы директоры Арыстан Жұнысов мерзімді баспасөзге жазылу кезінде газетке шама-шарқынша қолдау көрсететіндерін жеткізді. Сонымен қатар жиналғандар ел игілігін көздейтіндіктен, газетте қазақтың тарихы, шығу тегі, ата-бабаларымыз жайлы қызғылықты мақалаларды көбірек оқығылары келеді екен.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Бостандық ауылы тұрғындарының газетімізге деген ықыласы, тіпті, ерекше екенін аңғардық. Ауылдағы орта мектептің директоры Айгүл Сарбасова басылымға қатысты естеліктерімен бөлісіп, жастайынан ата-анасының айтуымен “Soltústik Qazaqstan” газетін қолынан түсірмегені жайлы әңгімелеп берді.
– Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында мектептерде оқу құралдары, кітап тапшы болғанда, бұқараның көзін ашып, көңілін ояту ісіне газетте жарияланған мақалалар септігін тигізді. Сол себептен егемендігіміздің нығаюына қосқан үлесін айрықша атап өтуге болады. Қарапайым жұмысшы болып еңбек ететін атам “Ленин туы” газетіне мақала жазып жүрді. Оларды топтастырып, жинайтыны да есімде. Бертін келе жерлесіміз Нұрсайын Шәріп осы басылымда ұзақ жылдар еңбек етіп, түрлі мәселелерді мақалаларына арқау етті. Ауылдастарының арасында сый-құрметке ие Өзбек Тастамбеков пен оның балалары Фархат пен Санжар да – газеттің тұрақты авторлары. Сондықтан біз “Soltústik Qazaqstan” газетін қашанда сүйіп оқимыз. Қоғамдағы, әсіресе, ауыл тұрғындарын толғандырып отырған мәселелерді шешудегі шығармашылық ұжымның еңбегі жоғары бағаға лайық, – деген Айгүл Кинуарбекқызы “Әр шаңыраққа – “Soltústik Qazaqstan!” бастамасын қос қолдап қолдайтындарын айтты. Ал оқу ісінің меңгерушісі Гүлжан Амантаева жарты емес, бірден бір жылға жазылатынын жеткізді. Оның бұл сөзіне қосылғандар да аз емес.
“Серпін” мемлекеттік бағдарламасы бойынша М.Қозыбаев атындағы СҚУ-де қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған Қызылорда өңірінің тумасы Гүлжайна Пірімбетова екі жылдан бері жергілікті орта мектепте шәкірт тәрбиелеп жүр. Жас маман газеттің мерейтойына орай жылы лебізін білдірді. “Жергілікті жерге қоныс аударғалы “Soltústik Qazaqstan” газетінің тұрақты оқырманына айналдым. Осыған дейін жас маман ретінде өзімнің және мен жайлы жазылған мақалалар газет бетінде жарық көрген болатын. Ал өзім сабақ беріп отырған оқушылардың арасында шығармашылыққа бет бұрып, түрлі тақырыптарда қалам тербеп жүрген өрендер бар. Алдағы уақытта солардың қаламынан туған шығармашылық материалдарды газет бетіне жариялауға ұсынсам деймін”, – деген тілегін білдірді.
Осылайша, Мамлют ауданына іссапар барысында баспасөзге жазылу науқанында газет оқырмандарының қолдауын көре алмаймыз ба деген күдігіміз сəл де болса сейіліп, басылымның мерейлі белесі – 100 жылдық мерейтойдың алдында таралымымыз артады деген үміт оты маздады. Ендігі ойымыз – үндеуді құптап, ауылдағы əр шаңырақ газетке жазылады деп сендірген азаматтар сөзінде тұрса екен дейміз.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕРДЕ: (солдан оңға қарай) Бостандық орта мектебі оқу ісінің меңгерушісі Гүлжан Амантаева, Мамлют аудандық Мәдениет үйінің қызметкері Ерғали Зиябек, Мамлют аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкері Ләззат Бегалинова және Бексейіт орта мектебіндегі кездесуден көрініс.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.