
Петропавлда Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-техникалық мектептен әскерге шақырылушылар донор ретінде қан тапсырып, қайырымдылық акциясына қатысты.
Аталмыш акция «Өмірге үміт сыйла» ұранымен былтырғы жылдың наурыз айында басталған болатын. Медициналық іріктеуден ойдағыдай өткен шақырылушылардың әрқайсысы облыстық қан орталығында 450 мл көлемінде, барлығы шамамен 10 литрдей қан тапсырды.
Айта кету керек, әскери-техникалық мектептің шақырылушылары қан тапсыру үшін бұл орталыққа жылына 7-8 рет келеді.
«Адамдар өздерінің жақындарына шама-шарқынша қол ұшын созуы тиіс. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әрбір үшінші адам қанға зәру. Адамның ағзасында 5 литрге жуық қан болатыны баршаға белгілі. Мен өз басым 450 миллилитр қан тапсырдым. Менің қаным адамның өмірін құтқарып қалуға көмектеседі деп үміттенемін», – деді мектеп тәрбиеленушісі Дархан Данияров.

Қазіргі уақытта еліміздің Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері Қазақстандағы донорлықты дамыту ісіне өз үлестерін ұдайы қосып жүр. Осылайша олар донорлық қанға мұқтаж адамдарға көмектесуде. Облыстық қан орталығы мамандарының айтуынша, адамдар түрлі себептермен донор болады. Солардың ішінде ең жиі кездесетіні қан тапсырушылардың әлеуметтік жауапкершілікті терең сезінуі болып табылады.
Айман АБЖАПБАРОВА,
облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент баспасөз қызметінің бастығы, лейтенант.