«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮРЕЙ ТУҒЫЗҒАН ОТШАШУ

Қаңтардың біріне қараған түні даладағы шатыр-шұтыр жұрттың үрейін туғызды. Құдай сақтасын, қала кәдімгі оқ пен оттың ортасында қалғандай. Бірер минуттық қызық үшін аспанға атылған отшашу сатып алуға шығындалған жұртшылыққа жаным ашыды. Окопта жатқан солдаттай үйлердің терезесінен сығалап, құлаққа түрпідей тиген тарсыл қашан басылар екен деп менің ғана емес, көпшіліктің мазасы қашқан болуы керек. Тіпті, екі жасар балам да қояндай қалтырап, отшашудың гүрсілінен зәре-құты қалмады.

Жыл сайын осы отшашудың кесірінен қаншама адам зардап шегіп, опық жейді. Бірақ білсек те мән берер емеспіз. Қызыға тамаша­лайтын отшашулар­дың кейде қайғылы оқиғамен аяқталатыны өкінішті. Мерекеде отшашудан зардап шеккен адамдар біздің елімізде де жетіп артылады. Мәселен, биыл балконда тұрып атпақ болған ақтөбелік тұрғынның отшашуы қолында жарылып, денсаулығына айтарлықтай қауіп төндірген. Өткен жылы еліміздің оңтүстігінде де осындай жағдай орын алып, жиырмаға жуық адам зардап шеккен еді. Әлем елдерінде де мұндай жағдайлар жиі орын алады. Биыл Мьянмада отшашуға толы әуе шары таңғажайып көріністі тамашалауға жиналған жұрттың үстіне құлап, адамдарды жаралады. Ғаламтор арқылы көпшілікке тараған бұл көрініс үрей тудырды. Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін отшашуға заң жүзінде тыйым салған елдер бар. Жаңа Зеландияда отшашу құралдары 18 жасқа толмаған­дарға сатылмайды. АҚШ-тың Аризона, Нью-Йорк, Нью-Джерси, Солтүстік Каролина, Орегон, Вирджиния, Висконсин сияқты бірқатар штаттарында жа­рылмайтын қауіпсіз пиротех­никаға ғана рұқсат берілсе, Канаданың Калгари айма­ғында мүлдем тыйым салынған. Көршілес Ресей мен Беларусь мемлекетінде де арнайы орындар қарастырылып, қауіпсіздік шаралары қатаң қадағаланады. Өкінішке қарай, біздің елімізде жағдай басқаша.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметінше, соңғы жылдары өңірімізде пиротехникадан зардап шеккендер жоқ. Оған да шүкір дейік. Бірақ отшашусыз-ақ көңілді отырыс жасауға болады ғой. Ал қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда күкірттің түтініне тұншыққан түнгі Қызылжардың аспаны тыныштықты қалағандай. Көңілге кірбің ұялатқан осындай жайттардан қашан құтылар екенбіз?

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp