Төтенше жағдайлар кезінде медициналық қызметкерлерді ынтыландыру мақсатында оларға үстемеақы төленуде. Бүгінде өңірдегі 459 қызметкерге 43,9 милион теңге бөлініп, медициналық мамандарға қолдау көрсетілуде.
– Үстемеақы медициналық қызметкерлердің 3 тобына беріледі. Қауіпті індет жұқтырған науқастармен байланыста болған мамандарды 850 мың теңгеге дейін ынталандыру көзделуде. Екінші топта фельдшерлер мен жедел жәрдем қызметкерлеріне 425 мың теңге қарастырылған. Ал соңғы топта ең төменгі жалақы көлемінде үстемеақы беріледі, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Ахметов.
Ақ халаттыларға тиісті қаржы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен төленуде. Инфекциялық стационарда науқастарға медициналық көмек көрсетуде жұмысын абыройлы атқарып жүрген Ғалия Жоламанова бұл қолдауға дән риза. Отбасын көрмегеніне біраз уақыт болған жұқпалы аурулар бөлімінің мейірбикесі қауіпті індетпен күресте тұрғындардың өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін айтты. Сондықтан ол тұрғындарға үйден шықпай, сақтық шараларын назарда ұстауға кеңес берді.
Сурет: https://liter.kz/