Үстеме еңбек – жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыс уақытының белгіленген ұзақтығынан тыс орындайтын іс. Еліміздің “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңының 32-бабына сәйкес мемлекеттік қызметшілер үшін екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленген. Шұғыл, күнi бұрын болжанбаған жұмыстарды орындау үшiн мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес уақыттан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегі жұмысқа тартылуы мүмкiн.
Еңбек кодексінің 77-бабының 1-тармағына сәйкес осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметшілер үстеме жұмыстарға тек жазбаша келісіммен ғана тартылады. Аталған кодекстің 77-бабының 2 тармағында жұмысшының келісімінсіз мынадай жағдайларда: елдің қорғанысы үшін, сондай-ақ, төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік апатты болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшін қажетті жұмыстарды жүргізу кезінде; сумен, газбен, жылумен, энергиямен жабдықтаудың және тіршілікті қамтамасыз етудің басқа да жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін бұзатын өзге де мән-жайларды жою үшін; егер жұмыста үзіліс жасауға болмаса, ауыстыратын жұмысшы келмей қалғанда, басқа жұмысшымен ауыстыру шараларын дереу қолдана отырып, жұмысты жалғастыру үшін; денсаулықтан айырылу немесе өлім қаупі төнген азаматтарға шұғыл және кезек күттірмейтін жәрдем көрсету үшін үстеме жұмыстарға жол беріледі. Үстеме жұмысқа жүкті әйелдер тартылмайды.
Мемлекеттік қызметшінің жазбаша келісімінен бөлек, жұмыс берушінің мемлекеттік қызметшіні үстеме жұмысқа тарту туралы тиісті бұйрығы шығады, оның негізінде еңбек еткен уақыт үшін қосымша демалыс беріледі немесе ақшалай ақы төленеді.
Кодекстің 78-бабына сәйкес үстеме жұмыстар әрбір жұмысшы үшін тәулік ішінде – екі сағаттан, айына он екі сағаттан және жылына бір жүз жиырма сағаттан аспауы тиіс.
Мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тарту кезінде олардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау маңызды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен әдеп жөніндегі уәкілдер мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тартуды азайту мәселесіне үнемі көңіл бөледі. Бұл жерде мемлекеттік қызметшілердің денсаулығын сақтау, олардың жұмысының сапасы мен тиімділігін арттыру сияқты мәселелер қарастырылған. 8 сағаттық жұмыс күнінен кейін жұмыс сапасы мен тиімділігі күрт төмендейтіні ғылыми дәлелденген. Жүйелі түрде үстеме жұмыс істеу денсаулықтың нашарлауына, тұрақты күйзеліске әкеліп соғады. Сонымен қатар жүктеменің жоғары болуы және теңгерімсіздік кадрлардың тұрақталуына кері әсер етеді.
Мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тарту нормасын заңнама жүзінде бекіту қажеттігін атай отыра, осы саладағы заң бұзушылық саны азаяды деген ойдамын.
Қорыта келе, мемлекеттік орган басшылары мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа негізсіз тартқан жағдайда олардың жауапкершілігі агенттіктің Әдеп жөніндегі кеңесінде қаралатынын ескерткім келеді.
Сейілхан СЕРІКБАЕВ,
облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі.
Сурет https://newtimes.kz/ сайтынан алынды.