Кеше өткен бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың ХХХХ сессиясында облыстың үшжылдық бюджетін, 2020 жылға дейінгі облыс аумағын дамыту бағдарламасын бекіту, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы, жер учаскелері үшін базалық ставкалар белгілеу сияқты бірнеше мәселе талқыланды. Сессия жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, Петропавл қалалық, аудандық мәслихаттардың хатшылары, ведомстволар мен ұйымдардың басшылары қатысты.
Қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы, экономика басқармасының басшысы Аида Балабаева Қызылжар өңірінің 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту, соған байланысты облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 20 маусымдағы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайын баяндады.
Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қабиден Сәдуақасов қоршаған ортаға эмиссия үшін төленетін төлемақыны, жерүсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төленетін төлемақы мөлшерлемесін, ал жер қатынастары басқармасының басшысы Есенгелді Кәрібаев жекеменшікке берілетін жер учаскелеріне белгіленген базалық ставкаларды халық қалаулыларының бекітуіне ұсынды.
Күн тәртібіне қойылған мәселелердің барлығы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында талқыланғандықтан, олар бірауыздан мақұлданды.
Сессияның соңында биыл белгіленген “Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты” лентасы мен төсбелгісі мүсіреповтік Балкүміс Ысқақоваға, жамбылдық Екпін Әбиевке, петропавлдық Александр Казанцев пен Гюлага Илдырымовқа табыс етілді.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ