Еліміз бен жерімізге ие болатын жастар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар меңгеруі тиіс. Бірақ бұл үш тілдің тұғыры бірдей дегенді білдірмейді. Қазақстанда бір ғана тұғырлы тіл бар, ол мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бір діңгекпен көтерген шаңырақтың жан-жағынан уықтар қадалып, оның беріктігін қамтамасыз етеді. Біздің алтын діңгегіміз, тұғырымыз қазақ тілі болса, ал жан-жағынан өзге тілдер мемлекеттік тілді қолдап, уық секілді қадалады.
Мәселен, ағылшын тілі қазақ жерінің жаңа әлемге ашар есігі болса, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі. Ағылшын және орыс тілдерін жетік меңгеру қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жасамайды. Соны ата-аналар дұрыс түсініп, балаларына 2-3 жастан бастап тілдерді меңгеруге барлық жағдайды жасаса, олардың болашағы да алаңсыз болмақ.
Бүлдіршіндердің бойына тілдерге деген сүйіспеншілік сезімін дарыту және салт-дәстүрлер туралы білімдерін кеңейту мақсатында бөбекжайбақшада ауқымды істер атқарылуда. Сабақтан тыс шаралар, атап айтқанда, тілдік сайыстар, викториналар, байқаулар мен ойын-сауықтар өткіземіз.
Біз үшін мерекелер мен ертеңгіліктерді үш тілде өткізу дәстүрге айналды. Осындай мерекелерде балдырғандар бар ықылас-пейілдерімен интерактивті спектакльдер мен концерттердің кейіпкерлеріне айналады. Бұл балаларға ғана қуаныш сыйлап қоймай, сондай-ақ, қонақ ретінде келген ата-аналарының бойларына зор мақтаныш сезімдерін ұялатады.
Балдай тәтті сәбилік кезеңін аяқтап, білім алу үшін мектепке алғашқы қадам басатын біздің кішкентай түлектеріміз тілдерді үйреніп, білімдерінің мықты іргетасы балабақшада қаланып, одан әрі қарай мектеп, гимназия, лицейлерде жалғасады деп сенімді түрде айта аламыз. Үштілділік бастауын балабақшадан алған балалардың әртүрлі тілдік сайыстар, олимпиадалар мен конкурстарда табысқа жететінін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Ботагөз КӨШКЕНОВА,
“Ақбота” бөбекжай-бақшасының
орыс тілі пәнінің мұғалімі.
Петропавл қаласы.