
Қала әкімі Марат Тасмағанбетов “Коммунхоз-Петропавл” ЖШС-нің қарамағындағы арнайы бригада жұмысшыларының күшімен қайта қалпына келтірілген М.Жұмабаев көшесі 113-үй мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің ауласында болып, атқарылған жұмыс барысымен танысты.
Бригада мүшелері 213 пәтерлі тоғызқабатты тұрғын үйдің тұрғындарын қуанышқа бөледі. Сөйтіп, олар ауланы күл мен қоқыстан, шіріген ағаш бұталарынан тазартып, балалардың ойын алаңын сырлап, абаттандырды.
Атқарылған жұмыс барысымен танысқан қала әкімі Марат Тасмағанбетов тұрғындармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Осындай тамаша сыйлық жасаған қала басшысына тұрғындар атынан алғысын жеткізген ПИК төрайымы Тамара Паханова ауланың тазалығын өздері қадағалайтындықтарын жеткізді.
Бір атап өтерлігі, өткен аптада Петропавл қаласында өңірімізде тұңғыш рет көпқабатты тұрғын үйлердің көп жылдардан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген аулаларын қайта қалпына келтіріп, абаттандыруды көздеген қанатқақты жоба қолға алынған болатын. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін осыдан бірер ай бұрын облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тапсырмасымен “Коммунхоз-Петропавл” ЖШС-нің қарамағында құрылған арнайы бригада облыс орталығында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын аралап, әсіресе, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын қажет ететін жиырмаға жуық аулаларды іріктеп алған еді. Бүгінде арнайы бригаданың мамандары Астана, Е.Букетов және Рига көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің алқам-салқам аулаларын жайнатып жіберді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.