
Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, ұрпақ болашағы үшін өмірін сарп еткен бабаларымыз аз болмаған. Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сынды дүл-дүлдеріміз де өз заманының беткеұстар азаматтары еді. Оларды жұрты алақанына салып, аялай білді. Ал шыншылдығымен, батылдығымен көзге түскен Мәди Бәпиұлы халық арасында “Батыр Мәди” деген атқа ие болған. Сонымен қатар оның Ер Мәди деген есімі де ел аузында сақталған.
“Атыңнан айналайын Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады”, –
деп жырлаған есіл ердің тағдыры кез келген оқырманға ой салары сөзсіз. Өнер зерттеушілері ақынның өмірін, шығармашылығын зерделеп жазды. Бүгінгі тақырыпқа арқау болған “Үшқара” әнінде өзі жырлағандай, арғы аталары күллі Алашқа би болған ер Қазыбек, одан хан Абылаймен терезесін тең еткен Бекболат би, берісі Құнанбайға қыз берген атақты Алшынбай деседі. Алшынбайдан – Жүсіп, Жүсіптен – Қақабай, Бәпи, Қосық, Жанығұл, Шәпи туады.
Бәпиден туған Мәди жас кезінен Қақабайдың қолында өскен. Ол ақылымен, ұшқыр ойымен, ептілігімен, өнерімен, өр мінез, батырлығымен сол кезде ел басқарған қырағы Қақабайдың көзіне түседі. Қақабай ертең өзім жинаған абыройға ортақтасады, бақталасыма айналады деген арам ойға беріліп, сескене бастайды. Мәдидің күн санап артып, асқақтап бара жатқан абыройына қызғана қарайды. Жасынан әділдікті жаны сүйген Мәди де бара-бара Қақабайдың ерсі қылықтарына, халыққа жасаған қиянаттарына бейжай қарамай, оны әшкерелеп, қарсылық таныта бастайды. Қақабай сынды басқа да жуан байлардың, мырзалардың қас жауына айналып, бай-бағланның озбырлығына қарсы шығып, халқының, кедей-кепшіктің сойылын қолына мықтап ұстайды.
Өзінің әншілігімен, ақкөңілдігімен, кішіпейілділігімен елінің еркесі атанған Мәди кембағалдың, момын жұрттың шынайы жақтаушысына айналды. Туындыларының көбінен ізгіліктің, адалдықтың, адамдықтың нышанын көруге болады. Уақыт өте келе өштесу араздыққа ұласып, Қақабай мен Бәпи бөлінуге мәжбүр болды. Жасынан туып-өскен жері Үшқараның шұрайлы бөлігі Қақабайда қалды. Қарсыласу, араздасу ушыға түседі. Ержетіп, есейген, қайсар әрі бірбеткей, батыл әрі батыр Мәди қасына өзіндей епті жігіттерді ертіп, Қақабай сынды мықтылардың малын барымталап, жоқ-жітікке, мұқтаж момындарға таратады, бірақ оны қылмыс көрмейді. Себебі, сол байлықта жарлының еленбей кеткен есесі барын зеректігімен ұғына білген.
Осындай өжет қылығы үшін Мәди халқынан алғыс, ал Қақабайлардан қарғыс алады. Үстінен мал ұрлады деген арыз-шағымдар түсіп, Атбасардың түрмесіне жабылады. Бұл арызды өзінің туған болыс ағасы Қақабайдың жазғаны Мәдиді қатты қынжылтады.
“Жараттың жалғыз қылып әуел бастан,
Қайтпаған қайран маңдай қара тастан,
Мөр басса басқа болыс не қылайын,
Мөр басып, туған ағам болды-ау қастан”, –
деп темір тордың ар жағында ашу мен ыза көмейінен өлең болып төгіледі.
Шамамен 1915 жылы Атбасар түрмесінен қашып шығып, ашынған Мәди бір күні Қақабайды атып тастағысы келеді. Сол сұмдық оймен ағасының үйіне ұрланып келіп терезеден қараса, жөргектегі немересін алақанына салып, пеш түбінде өбектеп отырған Қақабайды көреді. Таңырқап қараған Мәдидің көзіне жас үйіріледі. Себебі, Қақабай өте сымбатты, сұлу адам болған екен. Басына келген қатерлі ойдан арылып, атының басын кері бұрған деседі.
“Халқымның маңдайына сыя алмадым,
Жасымды көзден аққан тыя алмадым.
Ит туыс, қайткенменде қиын екен,
Атуға Қақабайды қия алмадым…”.
Осылайша, домбырасына ғана сырын шертіп, ел ішіне жақындай алмай, Қарқаралының тауларын паналайды.
Сұрасаң руымды Қаракесек,
Досымнан дұшпаным көп қылған өсек,
Үстінде құс мамықтың жатушы едім,
Бұл күнде қу қарағай болды төсек, –
деп “Қаракесек” әні де өмірінің осы бір кезеңдерінде туса керек.
Көп ұзамай Мәди ұсталып, Қарқаралы түрмесіне түседі. Ет жақын туыстарының өзінен безіп, алыстағаны жанына батады. Бабаларын есіне алып, сонау Қаз дауысты Қазыбектен бастап бәріне сыйынып, жәрдем тілеп, әнге қосады. Сондағы отты өлеңі – “Үшқара”. Бүгінде батыстың операларындағы небір ариялармен қатар қойсаң, басым түсетін, музыкалық құрылымы жағынан өте күрделі, үлкен дауыс диапазонын талап ететін Мәдидің бұл шығармасын қазақ музыка тарихындағы алтынға балап, тиісті дәрежеде қастерлегеніміз абзал.
Біржан ЕСЖАНОВ, дәстүрлі әнші, өнер колледжінің оқытушысы.
Арғы атам әулие өткен ер Қазыбек,
Бекболат, оның ұлы болыпты бек.
Тіленші одан кейін абзал шері,
Қарадан хан боп өткен бәрі асыл тек.
Атамыз одан кейін Алшынбайды
Кемеңгер, ақыл-ойлы, терең сайды.
Атағың асқар таудай бабаларым,
Көрдің бе осы күні біздің жайды.
Сұрасаң Мәди еді менің атым,
Кем емес еш адамнан салтанатым.
Кешегі Бауыр-Бошан ортасында,
Біреуден кем тумаған менің затым.
Қақабай, Бәпи еді бір туысқан,
Аянбай өле-өлгенше кек қуысқан.
Ақымақтық, надандықты таста дейтін,
Болмады жан ашитын бір туысқан.
Үшқара басың биік мұнар шалған,
Сұмпиып өте шықты мына жалған.
Тар есік, тар босаға жаман екен,
Ер едім ел ішінде сайран салған.
Жараттың жалғыз қылып әуел бастан,
Қайтпаған қайран маңдай қара тастан.
Мөр басса басқа болыс не қылайын,
Мөр басып, туған ағам болды-ау қастан.
Құдайым жылқы берді айдасын деп,
Көкорай, көкшалғынды жайласын деп.
Үйімде шәйімді ішіп отыр едім,
Бес солдат кіріп келді-ау қайдасың деп.
Абақты қатар-қатар болады екен,
Ішіне жақсы-жаман толады екен.
Ішіне абақтының кіріп барсаң,
Көңілің су сепкендей болады екен.
Сүйендім абақтының шарбағына,
Сыйындым атам Қазбек аруағына.
Бір кезде қаршығадай қалықтап ем,
Бұл күнде мен аңшының қармағында.
Қарағай басын кессе түбі қалар,
Екеудің біреуі өлсе, бірі қалар.
Жалғыздың өзі өлсе, кімі қалар,
Мінген ат, киген киім жауда қалар.
Үшқара басың биік аса алмадым,
Жайқалтып жапырағын баса алмадым.
Есіме қайран елім сен түскенде,
Көл қылып көздің жасын баса алмадым.