Тимирязев ауданында халық саны аз үш ауылдық округ атауы картадан жойылады. Олар енді көрші ауылдық округ құрамына енеді. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында жобаны депутаттар бірауыздан бекітті.
Облыстық экономика басқармасының басшысы Наталья Дышканттың айтуынша, ауылдық округ 2 және одан да көп ауылдан тұрып, халық саны 500-ден кем болмауы тиіс. Тимирязев ауданында тек бір елді мекен қарайтын 12 ауылдық округ бар.
– Есіл ауылдық округінде – 64 адам, Целинныйда –155 адам, Ленинскийде 61 адам тұрып жатыр. Осы үш округте ауылдық жиын өтіп, басқа округке қосу туралы шешім қабылданды. Ауылдық әкімдік аппаратында үш адамнан жұмыс істейді, жылдық шығын – 87 млн. теңге. Үнемделген қаражат елді мекендерді абаттандыруға, жолдарды жөндеуге жұмсалады, – деді облыстық экономика басқармасының басшысы Наталья Дышкант.
Есіл ауылдық округі Ақсуат, Ленин ауылдық округі Мичурин, Целинный болса Хмельницкий ауылдық округінің құрамына кіреді. Елді мекендердің бұрынғы атаулары сақталады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».