Тайынша қаласында түнде жеке тұрғын үйде өрт шықты. Сол күні жергілікті шаруашылықта жұмыс істейтін Айдын Ақанов үйдің шатырының лапылдап жанып жатқанын байқап қалады. Жедел қимылдап, көмекке ұмтылады. Аулаға кіргенде үйдің кіреберісі отқа оранып үлгерген екен. Ішінен балалардың жылаған дауысы естілген.
Ол ойланбастан терезені сындырып, қою түтін басқан бөлмеден 2019, 2010 және 2009 жылы туған үш қызды алып шықты. Батыл азамат оларды көрші үйге апарған. Абырой болғанда, балаларға медициналық көмек қажет болмады. Үйде өрт болған кезде балалардың анасы Жәмилә Қалышбекова жұмыста болған. Ол фермада сауыншы болып істейді. Ал құтқарушылар өртті сөндіргенімен үй тұруға жарамсыз болып қалды. Қазір мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Қайғылы оқиға орын алған күні зардап шеккен тұрғындармен аудан әкімі Берік Әлжанов кездесті. Ол отбасы мүшелерімен әңгімелесіп, балаларды құтқарып қалған Айдын Ақановқа алғысын білдірді. 38 жастағы азаматтың бұл ерлігі ескерусіз қалмады.
Жәмилә Қалышбекованың отбасы қазір уақытша көршілерінің үйінде тұрып жатыр. Аудан әкімі «Роща 2016» ЖШС басшылығымен кездесіп, олар зардап шеккендерге үй беретін болды. Ал әлеуметтік қорғау және білім беру органдары отбасына барлық қажетті көмекті көрсетеді.
Әсет ҚАНАФИН.