«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ КӨБЕЛЕК

Жас достар, газетіміздің “Балалар әлемі” қосымшасындағы “Әлем халықтарының ертегілері” айдарымен еліміздегі ынтымағы жарасқан ұлт пен ұлыстардың ертегілері мен әңгімелерін жариялап келеміз. Егер де, балалар, сондай ертегілердің бірін өздеріңіз де білсеңіздер газетімізге жолдаңыздар. Бірлесе оқиық. Бұл жолы сіздерге неміс халқының ертегісін ұсынып отырмыз.

Күн шуақты алаңқайда апалы-сіңлілі үш көбелек тату-тәтті өмір сүріпті. Олардың біреуі – ақ, екіншісі – қызыл, үшіншісі сап-сары екен.

Көбелектер гүлден-гүлге қуана ұшып-қонып, өмірлерін көңілді өткізіпті.

Бірде тасыр-тұсыр етіп жаңбыр жауып кетеді. Көбелектердің қанаттары дымқылданып, қайда тығыларын білмей дал болады. Ал себелеп жауған жаңбыр тоқтар емес.

Малмандай су болған көбелектер лалагүлге келіп:

– Лалагүл, лалагүл! Бізді жаңбырдан тасалашы! – деп өтінеді. Лалагүл:

– Жарайды, ақ көбелектің түсі маған ұқсайды екен. Мені саяласын! Ал қызыл, сары көбелек басқа жерге тығылыңдар! – дейді.

Мұны естіген ақ көбелек:

– Менің әпкелерім су болып жүргенде жалғыз өзім сенің саяңда қалай жайбарақат отырамын. Оларды да тасаңа тыға алмасаң, онда мен де отырмай-ақ қояйын… – деп ұшып кетеді.

Үшеуі ұшып келеді, ұшып келеді. Жаңбыр да қоятын түрі жоқ. Қараса, үлкен қызыл қызғалдақ өсіп тұр екен.

– Қызғалдақ, қызғалдақ! Мүмкін болса, жаңбыр саябырлағанша, біз сенің ығыңа тығыла тұрсақ, бола ма?

– Қызыл көбелек маған ұқсайды. Соны алайын қалқама. Ал ақ көбелек пен сары көбелек басқа орын іздесін! – дейді қызғалдақ.

Бұған ренжіген қызыл көбелек:

– Сен менің әпкелерімді қабылдағың келмесе, маған да көмектеспей-ақ қой. Тоңсақ, бірге тоңайық, – деп ұшып кетеді.

Қызыл көбелек қараса, алдарында үлкен сарғалдақ өсіп тұр. Олар гүл жанына ұшып келіп:

– О, тамаша сарғалдақ! Жаңбыр тоқтағанша сені ықтай тұрайықшы? – деп өтініш жасайды.

– Жарайды, мен өзім түстес сары көбелекті жаңбырдан қорғай тұрайын. Басқаларың өзге жер іздеңдер, – деп жауап қайырады.

– Жо-жоқ! Сен менің әпкелеріме көмек бере алмасаң, мен де сені паналамаймын! Одан да су болғаным артық, – деп ұшып кетеді.

Көбелектердің бұл сөздерін бұлттың ар жағында тығылып тұрған күн естіп қалады. Күн көбелектердің өзара татулығына, ауызбіршілігіне қуанады. Оларға көмектесуге ұйғарады.

Күн бұлттарды ыдыратып жіберіп, аспанға жарқырап шыға келеді. Жылы шуақтарымен көбелектердің су болған қанаттарын кептіріп, алтындай сәулелерімен арқаларынан сипайды.

Қуанған көбелектер қанаттарын шаттана қағып, қайтадан көңілдене бастайды. Алаңқайдың көркін кіргізіп, әрі-бері ұша бастайды. Бірақ бұдан кейін олар ешқашан лалагүл, қызғалдақ және сарғалдақ гүлдеріне қонбайтын болыпты.

“Шын достар тек қиындықта сыналады” деген сөз осыдан қалса керек.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp