1 қыркүйек – Білім күнінде облысымызда үш жаңа мектеп пайдалануға берілді. Аталмыш білім мекемелері Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимка ауылында, Тайынша ауданындағы Тайынша қаласында және Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында іске қосылды. Осылайша, облысымыздағы үш ауысымда оқитын мектептердің мәселесі түбегейлі шешілді. Новоишим қазақ орта мектеп-интернаты мен Бәйтерек ауылындағы мектептердің ашылу салтанатына облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.
Облысымызда ашылып отырған білім беру нысандары мемлекеттік “Нұрлы жол” инфрақұрылымдарды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынған. Өңір басшысы Ерік Сұлтанов заман талабына сай, сәулетті мектептердің құрылысын белгіленген мерзімде тапсырғандары үшін мердігер ұйымдар мен құрылысшыларға ризашылығын білдірді.
– Биылғы ел Тәуелсіздігінің 25, облысымыздың 80 жылдығы қарсаңындағы Білім күні, әсіресе, жаңа мектеп ашылып отырған елді мекендер үшін ерекше есте қалатын болды. Өйткені, осыған дейін Новоишимка мен Тайынша қаласының қазақ мектептерінің оқушылары талапқа сай келмейтін ғимараттарда үш ауысымда білім алып келген еді. Енді бұл мәселе түбегейлі шешімін тапты. Алдымыздағы ендігі міндет – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Бес институттық реформаны жүзеге асыру. Яғни, білім берудің жаңа жүйесін енгізу, сол арқылы бәсекеге қабілетті, білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеу қажет. Ел дамуының өзегі саналатын ұстаздар ол міндетті абыроймен орындап шығатынына сенімдімін. Жаңа мектеп ел игілігіне қызмет етсін! – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.