Қызылжар өңірінде елге танымал екі Сәду болған. Біріншісін, құлағы ауыр еститіндіктен, “саңырау Сәду” деп атап кеткен. Оның қу жауырынға қарап ауа райын болжайтын сәуегейлігі айна-қатесіз келетінін үлкендер жыр қылып айтып отыратын. Екіншісінің лақап аты – “шұбар Сәду”. Сірә, бетіндегі шешектен қалған қорасан дағына байланысты қойылса керек. Ол еті тірлігінің, пысықтығының арқасында саудагерлікпен, қазіргі тілмен айтқанда, бизнеспен айналысып, жілік майын шағып ішкен. Оның үркіншілік жылдары Ресей жаққа ауа көшкен бір қауым елді аштықтан қалай құтқарып қалғанын талай адамдардан естігеніміз бар. Ал әкеден жастайынан айырылып, сыртта тентіреп жүрген шиеттей жиендеріне деген нағашылық қамқорлығы – өз алдына бір әңгіме. Біз әулет арасында ақылы мен көркіне сай “үш тоты” атанған апалы-сіңлілілер туралы әңгімелемекпіз. Олар – Сәду ақсақалдың туған қарындасы Ақкүмістің қыздары.
Сара
Былтыр 82 жасында дүниеден өткен Сара апайдың ақ қағаздай әдемі жүзін әжім торлады демесең, “сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейдінің” тура өзі еді. Сөзі нық, қимылы ширақ күйінде дүниеден өтті. Тілінің майын тамызып, небір құпия қалтарыстарға толы әңгімені термелей жөнелгенде терең тарихтың кемел қойнауына кіргендей тыңдай бергің келеді.
Әкесі Кәкім сөз байласқан анасын алып қашып, сонау Алтай өлкесіне бірақ табан тіреген. Оның сыры мынада. Абырой-беделі зор, ауыл-аймаққа ықпалды нағашысы бетінен қақпай, еркелетіп өсірген қарындасын әйелі өлген, екі баласы бар “жалаңаяққа” ұзатуға намыстанып, рұқсатын бермей қойған. Кенеттен асқар тау панасынан, сүйенішінен айырылған жесір келіншектің жатса да, тұрса да есіл-дерті – 7 баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіру. Кәкімнің алғашқы әйелі Сәруәрдан қалған екі баланы өз кіндігінен өрбіген 5 ұл-қыздан кем көрмеген. Үйдің ең үлкені Сара бар болғаны 11-де ғана. Ақкүмістің шебер қолынан шыққан киім-кешектер мен қолөнер бұйымдарын Сара мен әлі бұғанасы қата қоймаған Күлзира екеуі базарға апарып сататын, азық-түлікке айырбастайтын. 1950 жылы Сәду арнайы іздеп келіп, елге алып кеткен. Баспана әперіп, алдарына мал салып берген.
Сара тәтенің жолдасы Аманжол да жетімдіктің зарын көп тартқан. Оның анасы сұлу, тәкаппар, өткір болған. Аманжол бір жарым жасқа келгенде анасы көз жұмған. 6-ға толғанда әкесі Әбікей “халық жауы” ретінде тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Жарықтықтың “Жалғыз құлынымды балалар үйіне бере көрмеңдер!” деген зарлы үні алты қырдың астына дейін естіліп тұрған деседі. Қу жетімек әркімнің босағасында телміріп, жастайынан еңбекке жегілген. Бар тауысқаны шопырлық курс қана. Ғұмыр бойы жүргізушілік қызмет атқарса да, шалбарының қыры сынбаған, ақ көйлегінің жағасы кірлемеген.
“1958 жылы немере апам Сәруар Байсарина (атақты тігінші, Социалистік Еңбек Ері) тұрмысқа шығу тойына шақырып, барсам, әскери формада киінген ағаң сымша тартылып, сыптай болып жүр екен. Қашан той біткенше маған сүзіле қарап, көзін алмады. Әбден зығырданым қайнады. Үзіліс кезінде жанына жетіп бардым да, мені аласың ба, қазір-ақ тиемін деп, бетіне бажырая қарап едім, бірден келісе кеткені. Қапелімде тосылып қалсам да, Алла тағала аузыма салған шығар деп етегінен ұстадым. “Шәй” дескен жоқпыз. Тек орны ойсырап тұрғаны болмаса”, – деген еді апай соңғы сұхбатының бірінде жанарына мұң ұялап.
Мара
Әпкесі мен сіңлісіне қарағанда Мара бірбеткей, өжет. Бет-жүзге қарамай айтып салатын тік мінезін ол кездері қазақтың қыз-келіншектері бара бермейтін әскери мамандық қалыптастырған тәрізді. Оның бұл салаға келуі де қызық. 1961 жылы Петропавл педагогика училищесін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітірген оған жолдаманы облыстық қазақ мектеп-интернатына береді. Ана тіліне мүлдем шорқақ қаланың қызы қандай ортаға түскенін білген соң көз жасын көлдетіп, мектеп-интернаттың директоры Жасұлан Нұрпейісовке келеді. “Мені кері қайтарыңыз” деп жылап отырып алады. Ақылды басшы “әке-көкелеп”, алдап-сулап, пионервожатый болуға көндіреді. Содан жеті жылдай еңбек етіп, ана тілін жетік меңгеріп алады. Тапсырылған іске тиянақтылығын, алға қойған мақсаткерлігін байқаған балалар колониясы мекемесінің басшылығы оған әскери қызмет саласына ауысуды ұсынады. Зейнетке майор шенімен шыққанша әскери өмірдің тәртібіне көндігіп, қыр-сырына әбден төселеді.
“Жоқтық қой, мектепке бір аяқ киімді кезектесіп киетінбіз. Ойын баласы емеспіз бе, кейде үйге кештеу, сілеміз қатып келетін. Анамыз сабырлы, шыдамды еді. Келешектерің алда, заман әлі-ақ түзеледі деп қайрап отыратын. Еңселері түспесін дей ме екен? Күйректікке салынып, налығанын көрген жоқпын”, – деген Мара апай тәуелсіздіктің елең-алаң шағында сауда-саттыққа қалай араласқанын да айтып өтті. Нағашы жұрттан жұққан қасиеті болар, Қытай, Түркия, Ресей елдерін армансыз шарлапты. Алғашқы сапарын Читада бастап, екінші рет жолы түскенде жамбасын сындырып алып, үш ай төсекке таңылуына тура келіпті. Сонда да үйреніп қалған кәсібін жалғастырып, нәсібін де, пайдасын да көрген.
Тәтейдің бір ермегі – кітап жинау. Үйдің тұтас қабырғаларында орналасқан сөрелерде әлемдік, отандық классик ақын-жазушылардың шығармалары толып тұр. А. Дюманың 14 томдығын Ленинск ауылында әр жерде шашылып жатқан жерінен жинастырып алыпты. Г. Серебрякованың шығармаларын майшаммен іздегендей әзер тауыпты. В.Лениннің 55 томдығы, Қазақ-кеңес энциклопедиясының 12 томдығы мұрты бұзылмаған күйі тұр. Олжас Сүлейменовтің “Аз и Я”-сын біреуге атан өгіздің құнын беріп, аттай қалап алыпты.
“Әскери қызметте жүргенде жергілікті ұлт кадрларына деген астамшылық, көзқарас ашық айтылмаса да, қас-қабақтан байқалып қалатын. Сондай алалаушылықты сезінгенде қаным қайнап, басыма шабатын. Бастапқыда іштен тынып жүрдім. Сосын ондай әрекеттерге тойтарыс берудің бірден-бір амалы сөз таластыру, салғыласу емес, білім, сабырлылық деп түсініп, қай жағынан болсын олардан биік тұруға ұмтылдым. Арың таза, жаның қылаудай кіршіксіз болса, ешкімнен тайсалмайсың, тік қарайсың. Менен кейін қызметке алынғандар зейнетке подполковник, полковник шенінде шығып жатқанда әділетсіздікке қарадай күйіп кететінмін. Тау қопарғандай, алмас қылыштай жарқылдаған жастықтың асау аттай жалына қол апартпайтын кезеңінде шындық үшін шырылдап, талайларға араша түсіп, осы қылығыммен жақпағаным рас. Құрбыларым бастықтарға иілмейсің, адамның көңіліне қарамайсың деп сөгетін. Бұл қайта жуасыған түрім ғой. Шүкіршілік, ең бастысы, заманымыз түзу, еліміз аман”, – деді қоштасар сәтте 79-дың төріне көтерілген кейуана. Күлген кезде әдемі жүзі, тіпті, нұрланып кетеді екен.
Мәриям
75-ке аяқ басқан Мәриям апайдың бір арманы – сүйегі жат жерде қалған әкесінің бейітіне туған жерден бір уыс топырақ апарып, басына белгі қою.
Бұл әулет те шетінен өнерлі. Апайдың қыздары Сәпия, Әлия, немересі Сәбина – әнші. АҚШ-та оқып келген немересі Әдемі домбыраның құлағында ойнайды. Ал отағасы Қайрош кезінде көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі ретінде домбыраға қосылып, қоңыр даусымен әндеткенде тыңдаушыларын сүттей ұйытып тастайтын. Кей кезде оның өзінде жиын-тойларда көпшілік қолқалап болмағанда “әу” деп қоятыны бар.
Қайрекеңнің үйленіп, үй болғаны өз алдына бір тарих, шытырман оқиғаға толы дерсің. Шаңырақтың үлкені болғандықтан, еркіндеу өсті. Әкесі Мұхтар – үлкен қызметкер, ұжымшардың төрағасы. Сәдудің сауда-саттығы алшысынан түскен кезі. Көршілес ауылдарда тұрғандықтан, аралас-құраластары жақсы. Туыстардай жарасып кеткен. Шіркін, мың жылдық құда болсақ деген ішкі армандарын да жасырмайтын. Тағдырдың мына жазуын қарашы, төрағаның көзі жидек теруге бара жатқан бір топ қыздың ішінен ең әдемі бойжеткенді шалып қалып, ананы байқасаңшы дегендей жанындағы ұлына қарайды. Сол-ақ екен, Қайрош үш аяқты мотоцикліне от алдырып, орманға қарай зулай жөнеледі.
Апайдың айтқанынан: “Жасым 15-те, ұмытпасам 9-сыныпқа көшкен кезім. Жидек теруге кіріскенім сол еді, бір гүріл естілді. Қарасам, мотоцикл тура маған қарай құйғытып келеді. Шелекті тастай қашып, бір бұтаның түбін қалқаладым. Сөйтсем, көшеден өтіп бара жатқанда әкесімен тұрған бозбала екен. Сырттай білетініміз болмаса, сөйлесіп көрген емеспіз. Не істерімді білмей нарттай қызарып мен тұрмын. Құрбыларымнан ұялып барамын. Былай қарасам, жаман балаға ұқсамайды. Инабатты, кішіпейіл. Түр-түсі келісті. Әке-шешесінің немере сүйгісі келетінін сыпайылап жеткізіп, бұрыннан білетін жанша мақтауымды әбден келістірді. Содан басымның қалай айналып қалғанын білмеймін, сол күні үшаяқты көлігімен алып қашты, – дейді Мәриям апай.
Ертеңіне қыз жағы кәмелетке толмаған мектеп оқушысын алып қашты деп айғай көтеріп, істің аяғы насырға шабады. Облыс орталығына жолаушылап кеткен Сәду ақсақал да жағдайдан құлақтанып, үлкен ұлы Сапан арқылы жолдаған “жиен немеремнің бағын байламаңдар, ақ батамды бердім” деген үшбу сәлемінен кейін ғана шу пышақ кескендей тыйылған екен.
“Нағашымыз бес уақыт намазын қаза қылмаған тақуа болды. Қазақтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын қатаң ұстады. Петропавл ауыр машина жасау зауыты аумағында мұсылмандар зираты болған. Нағашы ата-әжеміздің зираты сонда. Жас келген сайын ол жаққа да жол түсе бермейді”, – дейді Мәриям апай әлдебір өкінішті үнмен.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.